Әлеуметтік желіде "Қазақстан" шоколадының Қазақстан мен Өзбекстандағы бағасы талқыға түсті. Бейнежазба авторының айтуынша, отандық өнім көрші елде Қазақстандағыдан екі есе арзан сатылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Желі қолданушысы Өзбекстандағы супермаркеттердің бірінен шоколадты 14 мың сумға сатып алуға болатынын көрсеткен.
"Шынымды айтсам, таңғалып тұрмын. Қазір Өзбекстандағы супермаркетке келдік. Мұнда біздің қазақстандық шоколад 14 мың сум тұрады. Бұл – шамамен 540 теңге. Ал Қазақстанда дәл осы шоколадтың бағасы 980 теңге. Екеуі де – бірдей өнім", – дейді видео авторы.
Ол Қазақстанда шығарылатын және елдің танымал өнімдерінің біріне айналған шоколадтың ішкі нарықта неліктен қымбат сатылатынына назар аударды.
«Біз бұл өнімді ұлттық бренд ретінде мақтан тұтамыз. Бірақ өзімізге оны көрші елмен салыстырғанда екі есеге жуық қымбат сатады», – деп пікір білдірді азамат.
"Қазақстан" шоколағын өндіретін "ЛОТТЕ Рахат" компаниясының бақылаушы акционері – Оңтүстік Кореяның LOTTE WELLFOOD CO., LTD корпорациясы. 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, оған кәсіпорын акцияларының 95,57 пайызы тиесілі. Қазақстан қор биржасы
Видеода көрсетілген баға айырмашылығының себебі әзірге түсіндірілген жоқ. Өнімнің түпкілікті құнына сауда желісінің үстемеақысы, экспорттық келісімдер, акциялар, салықтар және жеткізу шарттары әсер етуі мүмкін.