ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 4-курс курсанты, бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері Бауыржан Әли отандық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жас спортшының бұл жетістігі оның спорттағы табандылығы мен кәсіби даярлықтағы жоғары жауапкершілігінің жемісі саналады. Бауыржан Әли курсанттық өмірдің қатаң тәртібі мен кәсіби спорттағы талаптарды қатар алып жүріп, өзгелерге үлгі боларлық нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Болашақ полиция офицерінің күнделікті өмірі таңғы саптық дайындықтан басталып, әскери жаттығулар, дәрістер мен қызметтік міндеттерге ұласады. Соған қарамастан, ол спорттық жаттығуларын үзбей, бокстағы шеберлігін шыңдауды жалғастырып келеді.
Бауыржан Әлидің айтуынша, академия қабырғасында қалыптасқан тәртіп пен жауапкершілік спорттағы жетістіктерге жетуге көмектессе, рингте шыңдалған қайсарлық қызмет барысында да үлкен пайдасын тигізеді.
«Жабық ведомстволық жоғары оқу орнындағы оқу мен кәсіби боксты қатар алып жүру – үлкен жауапкершілік. Қарағанды академиясында үйренген темірдей тәртіп маған рингтегі кез келген сынаққа төтеп беруге көмектеседі. Ал спорттағы қайсарлық қызметте де өз септігін тигізеді. Бұл марапаттар – бапкерлерімнің, тәлімгерлерімнің және туған академиямның ортақ жеңісі», – деді спортшы.

Төртінші курс курсантына «Құрметті спорт қызметкері» атағының берілуі оның спорттағы жоғары нәтижелері мен ерік-жігерінің айқын көрінісі ретінде бағаланып отыр.
Бүгінде Бауыржан Әли тек болашақ тәртіп сақшылары үшін ғана емес, спорт пен білімді қатар алып жүруге ұмтылатын қазақстандық жастар үшін де табандылықтың, еңбекқорлықтың және мақсатқа адалдықтың үлгісіне айналып келеді.