Шымкентте пластикалық хирургия қызметін заңсыз көрсеткен азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Прокуратураның мәліметінше, ер адамда маман сертификаты мен тиісті лицензия болмағанына қарамастан пластикалық операциялар жасаған.
Ол пациентке блефаропластика (қабаққа жасалатын пластикалық операция) жүргізген. Операциядан кейін әйел бір көзінің көру қабілетін толық жоғалтқан.
Сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 322-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Аталған бап абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет үшін жауапкершілікті көздейді.
Сот үкімімен оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ үш жыл бойы медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Осыған байланысты прокуратура қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
«Тиісті лицензиясы мен біліктілігі жоқ адамдарға жүгіну өмір мен денсаулыққа ауыр зардап әкелуі мүмкін», – деп ескертті ведомство.