Оңтүстік Корея ішкі туризмді дамытуға бағытталған жаңа бағдарламаны іске қосты. Енді ел тұрғындары мен туристер халық сирек қоныстанған өңірлерге саяхаттаса, жол жүру, қонақүй және ойын-сауық шығындарына түрлі жеңілдіктер мен бонустар ала алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бағдарлама не үшін іске қосылды?
Корея туризм ұйымы (КТҰ) мен Мәдениет министрлігі қазан-қараша айларында өтетін «2026 жылғы күзгі саяхат айы» науқанын жариялады. Бағдарлама «Терең күз, жеңіл саяхат» ұранымен ұйымдастырылып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – туристерді ірі қалалардан бөлек, халық саны аз 89 қала мен аймаққа тарту, жергілікті бизнесті қолдау және ел ішінде саяхаттауды қолжетімді ету.
Қандай жеңілдіктер қарастырылған?
- Көлікке жеңілдіктер
- TMAP навигаторын пайдаланатын жүргізушілер сапарлары үшін 30 мың баллға дейін бонус ала алады.
Ал аталған өңірлерге пойызбен баратын жолаушыларға тегін билеттер мен Railro Pass жол жүру картасына 20 мың вонға дейін (шамамен 6,4 мың теңге) жеңілдік ұсынылады.
Әуе билеттері
Naver Flight платформасы арқылы билет сатып алғандар 10 мың Naver Pay балына дейін иелене алады. Чеджу аралына ұшатындар үшін қосымша 5 мың баллға дейін бонус қарастырылған.
Қонақүй мен кемпинг
22 қыркүйектен бастап онлайн туристік платформалар арқылы шамамен 80 мың жеңілдік купоны таратылады. Шағын қалалардағы қонақүйлерге берілетін ең жоғары жеңілдік көлемі 70 мың вонға дейін (шамамен 22,4 мың теңге) жетеді. Сондай-ақ аралдарға саяхаттайтындар үшін 50 мың вонға дейінгі ваучерлер (16 мың теңге шамасында) ұсынылады.
Табиғат аясында демалуды ұнататындар CampingTalk және Camfit сервистері арқылы кемпинг брондағанда 10 мың вондық купон (шамамен 3,2 мың теңге) алады.
Шығынның жартысы қайтарылады
Бағдарлама аясындағы арнайы өңірлік жоба бойынша туристерге жұмсаған қаражатының 50 пайызы сертификат түрінде қайтарылады. Қарапайым туристер үшін өтемақының ең жоғары мөлшері 100 мың вонға дейін (шамамен 32 мың теңге), ал жастар үшін 140 мың вонға дейін (44,8 мың теңге шамасында) белгіленген.