Дональд Трамп Қазақстанға келе ме: АҚШ консулы жауап берді

Дональд Трамп Қазақстанға келе ме: АҚШ консулы жауап берді
Дональд Трамп пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Питер Кауфман АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстанға сапармен келу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Дипломат БАҚ өкілдерімен кездесуде Ақ үй басшысының Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруын қабылдай ма деген сұраққа жауап берді.

Кауфман Дональд Трамптың Қазақстанға келуіне үміттенетінін айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейіне тоқталды.

"Үміттенемін. Біздің қарым-қатынасымыз бұрын-соңды мұндай берік болған емес. Тоқаев пен Трамп жиі сөйлеседі. Олардың арасында өте берік байланыс қалыптасты. Меніңше, бұл қазір екі ел қарым-қатынасында болып жатқан ерекше әрі бұрын-соңды болмаған динамиканы көрсетеді", – деді АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп 2026 жылғы 10 шілдеде телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында екі елдің саяси және экономикалық ынтымақтастығы талқыланып, Қазақстан президенті АҚШ басшысын өзіне қолайлы уақытта елімізге сапармен келуге шақырған.