Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Тарбағатай аудандарындағы Үйдене және Қандысу су қоймалары апатты нысандар қатарына енді. Мамандардың мәліметінше, гидротехникалық құрылыстардың тозу деңгейі шамамен 70 пайызға жеткен. Бөгеттерге 60 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Tv7.kz мәліметінше, осыған байланысты биіктігі тоғыз қабатты үймен шамалас бөгеттер қазір толық қуатында пайдаланылмай отыр. Нәтижесінде өңірдегі суармалы егістік алқаптарының көлемі айтарлықтай қысқарған.
Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ермек Қорабаевтың айтуынша, Үйдене су қоймасының жалпы сыйымдылығы 75 млн текше метрді құрайды. Алайда Ертіс бассейндік инспекциясының рұқсатына сәйкес, қазіргі таңда қоймада небәрі 46 млн текше метр су ғана жиналған.
Ал Үйдене бөгетін қалпына келтіру жобасы бірнеше рет техникалық кемшіліктерге байланысты мақұлданбай қалған. Соған қарамастан, «Қазсушар» мамандары биылғы қазан айына дейін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының түпкілікті жоспарын бекітіп, жобаны мемлекеттік қаржыландыруға ұсынуды көздеп отыр.
ШҚО бойынша «Қазсушар» филиалы бөлімінің басшысы Дилара Жанболатованың мәлімдеуінше, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Алайда жоба теріс қорытынды алғандықтан, жобалаушы ұйыммен жасалған келісімшарт бұзылған. Қазіргі уақытта құжаттаманы «Қазсушар» мекемесінің мамандары өз күшімен қайта пысықтап жатыр.
Ал Қандысу су қоймасы бойынша қайта жаңғырту жұмыстарының егжей-тегжейлі жоспары әзірленіп қойған.