2024 жылы банк секторында доллардан арылу процесі өз жалғастығын тапқанымен, оның қарқыны баяулады. Мұның себебі күні кеше ҚР Ұлттық Банк жариялаған Қаржылық тұрақтылық туралы есепте егжей-тегжей айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жылдың қорытындысы бойынша валюталық қарыздар 8,8%-ға дейін, валюталық депозиттер деңгейі 22,5%-ға дейін төмендеді. Оның үстіне, 2024 жылдың соңында жеке тұлғалардың валюталық салымдарының үлесі 22%-дан 20%-ға дейін төмендеді, ал заңды тұлғалар бойынша долларландыру деңгейінің 24%-дан 26%-ға дейін шамалы өсімі тіркелді.
Ұлттық Банк есебінде бұл үрдіс сыртқы экономикалық қызметке бағытталған кәсіпорындар қызметінің ерекшеліктерімен байланысты болуы мүмкін екені айтылады.
2024 жыл бойы USD/KZT жұбы бойынша жеткізілмейтін валюталық форвард (NDF) пен теңгедегі депозиттер бойынша орташа алынған мөлшерлемелер арасындағы спрэд қыркүйек айына дейін біртіндеп төмендеп, 0,1%-ға жетті. Теңге әлсірегеннен кейін спрэд 2024 жылдың соңына қарай 4,5%-ды құрап, жыл басындағы мәндерге оралды. Бұл динамика айырбас бағамының ауытқуы теңгелік депозиттердің тартымдылығына әсер ететінін көрсетеді, оны долларландыру тәуекелдерін бағалау кезінде ескеру қажет. Бұл ретте, депозиттерді долларландыру деңгейін айқындайтын іргелі факторлардың айтарлықтай құбылмалылық кезеңдерінің болмауы долларсыздандыру ұлттық валютаға деген сенімнің жалпы нығаюы аясында болғанын көрсетеді.
"2024 жылы долларландыру деңгейі мен жеке тұлғалар депозиттерінің мөлшері арасында оң корреляция сақталды: 500 млн теңгеден астам шоттарда долларландыру деңгейі 57,8%-ға жетті, ал 1 млн теңгеге дейінгі шоттарда барлығы 6,1%-ды құрады. Ірі салымшылар қаражатын шетел валютасында сақтауға бейім келеді, бұл олардың тәуекелдерді әртараптандыруға деген ұмтылысына байланысты болуы мүмкін", делінген есепте.
2024 жылы негізінен 10 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейінгі сомаға теңгедегі депозиттер есебінен жекелеген депозиттерге қаражаттың нетто әкелінуі 18,3%-ға (637,9 млрд теңгеге) ұлғайды. Валюталық депозиттерге қаражаттың әкелінуі барлық депозиттік топтарда, негізінен сомасы 500 млн теңгеден (209,43 млрд теңге) асатын депозиттер есебінен байқалды.
Осылайша, долларсыздандырудың жалпы тенденциясына қарамастан, ірі салымшылар валюталық депозиттерді белсенді пайдалануды жалғастыруда, бұл тәуекелдерді бағалау кезінде ескерілуі керек.
Бұған дейін күні кеше доллар қымбаттап, психологиялық шекті игергенін жазғанбыз.