Елімізде доллар қымбаттап, психологиялық шекті игерді

Кәмшат Тілеухан 29 қыр. 2025 15:51

Бүгін, 2025 жылы 29 қыркүйекте Астанада ақша айырбас орындарында 1 АҚШ доллары 550 теңгеден сатылып, психологиялық шекті игерді. Ал KASE-дегі түскен кейінгі сауда-саттық қорытындысы бойынша, америкалық валютаның орташа бағамы 548,79 теңге болып, ол бір мезетте 4,34 теңгеге қымбаттады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) ұлттық валюта құнының бұлайша әлсіреуін мұнай котировкаларының төмендеуі және КҚК жұмысының тоқтауымен байланыстырады.

Айта кетсек, дүйсенбіде бұған дейін жақсарып келе жатқан мұнай бағасы құлдырап, Brent-тің бір баррелі 69,70 доллар (-0,6%), WTI 65,23 доллар (-0,8%) болды. Бұған Күрдістанның (Ирак) Түркия арқылы шикі мұнай тасымалын қайта жандандыруы және ОПЕК+ ұйымының қараша айында өндіріс көлемін ұлғайту жоспары әсер еткені де нақтыланады.

Бес күн бұрын ҚР Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау және тиеп-жөнелту штаттық режимде жүріп жатқанын хабарлаған. "Құбырдың қазақстандық учаскесінде тасымалдаушы тарап мұнай қабылдауды да шектеусіз атқаруда. Ведомство консорциум акционерлерімен байланыста. Жағдай үнемі бақылауда", делінген сол кездегі хабарламада. Ал бұған дейін КҚК дрондар шабуылына ұшырап, компанияның Новороссийскідегі әкімшілік кеңсесінің жұмысы уақытша тоқтатылғаны белгілі. 

Ұлттық Банктің бекіткен ресми бағамына сәйкес, 1 АҚШ долларының құны таңертең ғана 544, 26 теңге болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар