Ұлттық Банк БЖЗҚ үшін доллар сатып алу үрдісін қайта жалғастыратындарын мәлімдеді

Кәмшат Тілеухан 04 нау. 2025 10:00 245

ҚР Ұлттық банк 2025 жылы 3 наурызда валюта нарығына қатысты ақпарат жариялады. Оған сәйкес, ақпан айының қорытындысы бойынша ұлттық валютаға шаққанда 1 АҚШ доллары 499,09 теңгеге, яғни 3,7%-ға нығайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 227 млн АҚШ долларынан 237 млн АҚШ долларына дейін ұлғайғаны, сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,7 млрд АҚШ долларды құрағаны да нақтыланады.

Ұлттық Банк ақпанда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

"Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату жөнінде норма енгізілетінін ескере келе, Ұлттық Банк осы ақпаратты жариялауды қайта қолға алады. Осы норма аясында өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сату көлемі шамамен 274 млн АҚШ долларына пара-пар болды", делінген Ұлттық Банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Өткен жылы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі кезең-кезеңімен 40%-ға дейін жеткізілді. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігін шетелдік нарықтарға инвестициялау арқылы әртараптандыру және арттыру мақсатында Ұлттық Банк валюталық үлесті шамамен 40% деңгейінде қолдауды жоспарлап отыр.

Теңге бағамының нығаюына, сондай-ақ зейнетақы жарналарының түсуіне байланысты БЖЗҚ зейнетақы активтерінің ағымдағы валюталық үлесі 40%-дан төмен деңгейге дейін төмендеді.

"Осыған байланысты Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліне АҚШ долларын сатып алуды қайта бастайды. Наурызда сатып алуға қатысты жоспарлы көлем 250 млн АҚШ долларынан аспайды. Валютаны сатып алу нарықтық конъюнктураға байланысты жүзеге асырылады", - дейді Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарушы ретінде ұзақмерзімді кезеңде нақты кірістілікті алуды және оның сақталуын қамтамасыз етуді басты назарда ұстайтынын айта кеткен жөн.

Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинағын "аннуитетке" шығарып алушылар саны артқанын жазғанбыз. Сондай-ақ Конституциялық сот зейнетақы аннуитеттері туралы заңнаманы нақтылауды ұсынғаны хабарланған. Қаңтарда БЖЗҚ шығынға ұшырап, қазақстандықтардың шотындағы ақша күрт азайғаны да айтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар