Бірқатар тексерулердің қорытындысы бойынша Конституциялық сот зейнетақы аннуитеттері туралы заңнаманы нақтылауды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Конституциялық сот азаматтардың өтініші бойынша Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексерді.
Көрсетілген нормаға сәйкес, Азаматтық кодексте қарастырылған жекелеген жағдайларды қоспағанда, сақтанушы төлеген сақтандыру сыйлықақылары сақтандырушының меншігі болып табылады.
Өтініште сақтандырушы мен сақтанушы арасында зейнетақы аннуитеті шарты жасалғаны, ол бойынша сақтанушы сақтандыру сыйақысын сақтандырушыға бергені айтылады. Ал сақтандырушы оған ай сайын шарттық соманы өмір бойы төлеуге міндеттенді.
Сақтанушы қайтыс болғаннан кейін төлемдер пайда алушыға өтеді. Алайда, сақтандырушы қалған соманы біржолғы төлеу туралы мұрагерлердің талаптарына ҚР АК 818-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес зейнетақы жинақтары мұраға кірмейтініне және оған меншік құқығында тиесілі екендігіне сілтеме жасай отырып, беруден бас тартады.
Өтініш субъектілерінің пікірінше, сақтандырушыға аударылған зейнетақы жинақтары сақтанушы қайтыс болған жағдайда мұрагерлікке жатады, осыған байланысты олар аталған норма біржолғы сақтандыру төлемі түріндегі мүліктен сот шешімінсіз айыра отырып, өздерінің жеке меншікті қорғау конституциялық құқығына нұқсан келтіреді деп есептейді.
Конституциялық сот не шешті?
Конституциялық сот өз шешімінде көрсеткендей, сақтандыру сыйлықақылары – сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру арқылы қорғалу үшін төлейтін төлемі, мұнда сақтандыру төлемі оның материалдық баламасы болып табылады, бұл зейнетақы аннуитеті шартының өтеулі болуын білдіреді.
"Осылайша, сақтандырушы сақтандыру сыйақысы түрінде алған ақша сақтандырушының өз қалауы бойынша билік ететін кірісі болып табылады. Сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысын қайтару бойынша емес, тек сақтандыру сомасын төлеу бойынша міндеттемесі туындайды. Мұндай жағдайларда сақтанушының мүлкі мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылмайды, осыған байланысты Конституциялық сот өтініш субъектілері дау айтып отырған АК (Ерекше бөлім) нормасының Конституцияға қайшы келеді деп таппады", деп түсіндіреді құзіретті сот.
Сонымен қатар, Конституциялық сот зейнетақы аннуитетінің ерекшеліктерін назарға ала отырып, сақтанушының көзі тірісіндегі ерік қалауының іске асырылу және ол қайтыс болған жағдайда, аударылған сақтандыру сыйлықақысының көлемі мен өзге де мән-жайлар ескеріле отырып, оның құқықтарының өзге адамдарға өту тетіктері заңнамалық деңгейде реттелуге тиіс деп атап өтті.
"АК-нің (Ерекше бөлім) 818-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген сақтанушыдан алынған сақтандыру сыйлықақыларына сақтандырушының меншік құқығы туралы жалпы ереже сақтанушыға зейнетақы аннуитеті шарты бұзылған кезде сатып алу сомасын басқа сақтандыру ұйымына аудару немесе сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайтуға қатысты шарт талаптары өзгерген кезде ақшаны БЖЗҚ-ға қайтару арқылы және басқа негіздер бойынша осы ақшаның бір бөлігіне билік ету құқығын беретін Әлеуметтік кодекс нормаларымен үйлеспейді", делінген Конституциялық сот түсініктемесінде.
Осыларды ескере келе, Конституциялық сот әлеуметтік институт ретінде зейнетақы аннуитетінің ерекшеліктерін ескере отырып, әртүрлі салаға тиесілі өзара байланысты нормалардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды.
Тексеру нәтижесінде, Конституциялық сот өтініш субъектілері даулап отырған Азаматтық кодекс (Ерекше бөлім) нормасының Конституцияға қайшы келетіндігін анықтаған жоқ.
Бұған дейін сайтымызда Қазақстанда зейнетақы жинағын "аннуитетке" шығарып алушылар саны артқанын жазғанбыз.