Ел экономикасын бағалағанда ішкі жалпы өнім мен өсім қарқынынан бөлек, сыртқы қарыз көлеміне де назар аударылады. Алайда көпшілік "сыртқы қарыз" дегенде мемлекеттің қарызын ғана елестетеді. Шын мәнінде, бұл ұғым әлдеқайда кең. Бұл туралы QZ Economy. Талдау сараптамасында айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сыртқы қарыз - шетелдік кредиторлар алдындағы барлық міндеттеме жиынтығы. Оған мемлекетпен қатар банктердің, компаниялардың және азаматтардың да шетелден алған қарыздары кіреді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның сыртқы қарызы 290,8 млрд доллар болған. Соның 181,8 млрд доллары Қазақстанға тиесілі. Ал Өзбекстанның сыртқы қарызы 89,6 млрд доллар, Қырғызстанда 12,4 млрд доллар, Тәжікстанда 6,9 млрд доллар болған.
Бір қарағанда Қазақстанның көрсеткіші жоғары көрінуі мүмкін. Бірақ сыртқы қарызды экономика көлемінен бөлек қарастыру дұрыс емес. 2025 жылы Қазақстан экономикасының көлемі шамамен 305 млрд долларға жеткен. Сондықтан қарыз көлемін елдің мүмкіндігімен бірге бағалау қажет.
Қазақстандағы сыртқы қарыздың ең үлкен бөлігі компаниялар арасындағы қаржыландыруға тиесілі. Оның көлемі 89,9 млрд доллар болған. Бұл - халықаралық компаниялар өздерінің Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарына бөлген қаражаты. Мұндай қаржы көбіне өндірісті кеңейтуге, жаңа жобаларды іске асыруға және бизнесті дамытуға жұмсалады.
Ал мемлекеттің сыртқы қарызы 16 млрд доллар немесе жалпы сыртқы қарыздың 8,8 пайызы ғана болады.
Өзбекстанда сыртқы қарыздың ең үлкен бөлігі мемлекеттік құрылымдардың мойнында. Ол 37,1 млрд долларға жетіп, жалпы қарыздың 41 пайызынан асады. Қырғызстан мен Тәжікстанда да мемлекеттік қарыздың үлесі 40 пайыздан жоғары.
Сарапшылардың айтуынша, сыртқы қарыз болуы - қалыпты жағдай. Көптеген ел экономиканы дамыту, жол, зауыт және басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру үшін сырттан қаржы тартады. Маңыздысы - алынған қаражат қайда жұмсалғаны және қарызды өтеу мүмкіндігі болуы.
Сарапшылардың сөзінше, Қазақстандағы сыртқы қарыздың басым бөлігі мемлекетке емес, экономикаға инвестиция құйып отырған компанияларға тиесілі, сондықтан сыртқы қарыз көлеміне ғана қарап қорытынды жасау дұрыс емес.