Қазақстанда қарыздарды өндіріп алу процесі цифрландырылып жатыр. Мемлекеттік органдар банктермен өзара іс-қимылдың электронды тетіктерін белсенді қолдана бастағандықтан, азаматтар айыппұл, салық, алимент немесе басқа да берешектерге байланысты банк шоттарының күтпеген жерден бұғатталуына жиі тап болып жүр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Qazaq Expert Club сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер Айгерім Ілиясованың сөзінше, банк шоттарына салық органдарының, соттың немесе Қаржылық мониторинг агенттігінің шешімі негізінде сот орындаушылары тыйым сала алады.
Мысалы, салық берешегі бар немесе міндетті есептілікті тапсырмаған азаматтардың шоты бойынша операцияларды салық органдары шектеуге құқылы. Ал сот талап-арызды қамтамасыз ету шарасы ретінде ақша қаражатына тыйым салуы мүмкін.
Сондай-ақ клиенттің қаржылық операциялары кірістерді заңдастыруға қарсы заңнама аясында күмәнді деп танылса, шотқа шектеу қойылуы ықтимал.
Шот бұғатталса не істеу керек?
Ең алдымен банктен шотқа тыйымды қай орган салғанын анықтау қажет. Әдетте бұғаттау алдында азаматқа сот орындаушысынан, салық органынан немесе басқа уәкілетті мекемеден жауапты қызметкердің байланыс деректері көрсетілген хабарлама жолданады.
Егер азамат берешекпен келіссе, қарызын өтеп, оны растайтын құжаттарды тыйым салған органға ұсынуы керек. Осыдан кейін шектеуді алып тастау рәсімі басталады.
Ал егер азамат шоттың негізсіз бұғатталғанын есептесе, e-Otinish сервисі арқылы немесе тікелей уәкілетті органға шағымдана алады.
Кей жағдайда шектеулер күмәнді қаржылық операцияларға байланысты қойылады. Мұндай кезде банк қаражаттың қайдан келгені және төлем мақсаты туралы қосымша мәлімет сұратады. Қажетті құжаттар ұсынылған соң шектеу алынуы мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, шотты бұғаттау көп жағдайда уақытша шара болып саналады және мәселені шешу үшін шот иесі белсенді әрекет етуі қажет.
Қандай төлемдер қорғалған?
Қазақстан заңнамасы кейбір әлеуметтік төлемдерді қорғауды көздейді. Мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, әскери қызметшілерге арналған тұрғын үй төлемдері, алименттер және бірқатар басқа әлеуметтік төлемдер түсетін арнайы шоттарға тыйым салынбайды.
Алайда бұл қорғаныс қаражат арнайы шотқа түскен жағдайда ғана қолданылады. Егер әлеуметтік төлемдер қарапайым ағымдағы шотқа аударылса, ол қаражатқа да тыйым салынуы мүмкін.
Сондықтан жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алушыларға алдын ала арнайы шот ашып қойған жөн. Мұндай шотты банк бөлімшесінде немесе көптеген банктердің мобильді қосымшалары арқылы ашуға болады. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерге арналған жеке карта рәсімдеу мүмкіндігі де қарастырылған.