Қазақстанда зейнетақы жинағын "аннуитетке" шығарып алушылар саны артқан

Кәмшат Тілеухан 24 ақп. 2025 13:50 792

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің статистикасына сәйкес, 3,75 трлн теңге зейнетақы төлемдерінің рекордтық көлемі тіркелді. Бұл соңғы кездері зейнетақымен қамсыздандырудың баламалы құралдарына қызығушылықтың артуы байқалып отырғанын білдіреді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Ұлттық Банктің мәліметінше, 2024 жылы зейнетақы аннуитеттік сақтандыруы бойынша сыйақылар көлемі 337,6%-ға өсіп, 457,1 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Freedom Life ӨСК жүргізген зерттеуде қамтылған, деп жазады Forbes.kz.

Зейнетақы жүйесінің қазіргі ахуалы

Қазақстандағы зейнеткерлер саны — 2 млн 445 мың. Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 248 теңгені құрайды, оның ішінде базалық зейнетақы - 47 459 теңге және ынтымақты зейнетақы — 95 789 теңге.

Сарапшылар 2025 жылдың басында базалық зейнетақы инфляция деңгейіне сәйкес 6,5%-ға өскенін, ал ынтымақты зейнетақы инфляциядан 2%-ға озып, 8,5%-ға өскенін айтады.

"Ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70%-ға дейін, ал ең жоғары зейнетақыны 120%- ға дейін арттыру ерекше маңызға ие болды",  делінген зерттеуде.

Сақтандыру нарығының құрылымын талдауда қазақстандықтардың қалауындағы түбегейлі өзгерістер анықталды. Сыйақылардың жалпы көлемінің 46,8%-ды құрай отырып, зейнетақы аннуитеттік сақтандыру үстем жағдайға ие болған әрі бір жыл ішінде 20,1% өсімді көрсеткен. Бұл ерекше құбылысқа баланады.

Зейнетақы аннуитеттері нарығының өсуіне ықпал етуші факторлар

2024 жылы зейнетақы аннуитеттері нарығының өсімі өзара қабысқан факторлар кешеніне байланысты болды, - дейді сарапшылар. Осындай факторлардың бірі ретінде олар демографиялық тенденциялардың "маңызды әсерін" атайды.

"Қазақстанда өмір сүру ұзақтығының тұрақты өсу үрдісі байқалады: статистика деректері бойынша еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75,9 жылға жетті. Бұл ретте зейнеткерлік жасқа дейінгі (50-60 жас) азаматтардың үлесі халықтың 15%-дан астамын құрайды. Бұл жас тобы зейнетақы аннуитеттеріне, әсіресе ертерек зейнетке шығу мүмкіндігіне үлкен қызығушылық танытады", - делінген зерттеуде.

Басқа факторларға келсек, мамандар бұл ретте макроэкономикалық (қаржы нарықтарындағы жоғары құбылмалылық және инфляциялық тәуекелдер) және қаржы секторының технологиялық трансформациясын (шарттар жасасу және оларға қызмет көрсету процестерін цифрландыру зейнетақы өнімдеріне қол жеткізуді едәуір жеңілдетті) атайды. 2024 жылы зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша БЖЗҚ-дан ӨСК-ға жинақтарды аудару рәсімі оңтайландырылды, деп еске салады зерттеу авторлары.

Инновацияларға сәйкес, салымшылар зейнетақы аннуитеті шартын тікелей сақтандырушылардың кеңселерінде және ӨСК сайтында онлайн режимде, БЖЗҚ-ға өздерінің зейнетақы жинақтарын ӨСК-ға аудару туралы өтінішпен жүгінбей-ақ жасай алады.

Сарапшылардың пікірінше, зейнетақы аннуитеттері нарығы өсімінің тағы бір маңызды факторы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру болды.

Нарық бойынша 2030 жылға дейінгі болжамдар

"Таяудағы екі жылда Қазақстанда зейнетақы аннуитеттері үлесінің одан әрі өсімі күтіледі: өмірді сақтандыру нарығы 55-60% -ға дейін, сыйақыларының жалпы көлемі 500-550 млрд теңгеге дейін ұлғаяды" деп болжайды зерттеу авторлары.

Бұл кезең, олардың пікірінше, жаңа өнімдердің пайда болуымен және негізгі ойыншылар арасындағы бәсекелестіктің күшеюімен сипатталады.

2027-2028 жылдарға қарай нарық 600-650 млрд теңге деңгейінде тұрақтануы мүмкін.

"Осы кезеңде тұрақты тұтынушылық артықшылықтардың қалыптасуы және одан әрі цифрландыру аясында әртүрлі кәсіби топтар үшін мамандандырылған зейнетақы өнімдері пайда болады деп болжанады", — деп жазады сарапшылар.

2029-2030 жылдары "халықаралық қаржы нарықтарымен интеграцияға, трансшекаралық зейнетақы өнімдерін дамытуға және зейнетақы активтерін басқаруға жасанды интеллект технологияларын енгізу болжанады". Ал оған дейін, зерттеуде айтылғандай, нарық көлемі 800-850 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Бұған дейін 2025 жылы қаңтарда БЖЗҚ шығынға ұшырап, қазақстандықтардың шотындағы ақша күрт азайғанын жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар