Елордада Жеңіс күніне арналған «Жеңіс 9/45» концерті ұйымдастырылды

Елордада Жеңіс күніне арналған «Жеңіс 9/45» концерті ұйымдастырылды

9 мамыр күні Астанадағы Қалалық алаңда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Жеңіс 9/45» атты мерекелік концерт өтті. Музыкалық жобаны «Еуразиялық мониторинг» орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Концертке жиналған қала тұрғындары мен қонақтары соғыс жылдарындағы әндерді, патриоттық шығармаларды тыңдап, тарихи естеліктерге куә болды. Бағдарламада Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Тікелей орындалған музыкалық композициялар мерекелік кештің әсерін күшейте түсті.

Кеш барысында қазақтың даңқты батырлары – Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Нұркен Әбдіров және Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер айтылды.

Жобаның ұйымдастырушысы Әлібек Тәжібаев концерттің басты мақсаты – Ұлы Жеңіс туралы тарихи жадыны сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу екенін атап өтті.

– «Жеңіс 9/45» – жай ғана мәдени шара емес. Бұл – майданда шайқасқан, тылда еңбек еткен буынға деген құрмет. Музыка арқылы біз бейбіт өмір сыйлаған ерлердің ерлігін еске аламыз. Өткенге тағзым – болашақтың кепілі, – деді ол.

Концерт барысында вокалистер мен би ұжымдары өнер көрсетті. Сонымен қатар сахнаға шыққан Мәди Қадыров пен Argonya көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңында өнерпаздар мен оркестр Жеңіс әндерін қала тұрғындарымен бірге орындап, мерекелік концерт ерекше атмосферада қорытындыланды.