Қазақстандық салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз шотындағы қаражаттың бір бөлігі жоғалып кеткенін" айтып шағымданған. Оның сөзінше, зейнетақыдағы артық соманы "Отбасы банкіндегі" депозитке аудармақ болған. Алайда шоттағы қаражаттың күтпеген жерден азаюына байланысты бұл жоспары жүзеге аспаған. Осыған байланысты салымшы қордан нақты түсініктеме талап еткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
БЖЗҚ мәліметінше, азаматтардың жеке зейнетақы шоттарына түскен қаражат түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Ал инвестициялық табыс тұрақты болмайды, яғни белгілі бір кезеңдегі кіріс мөлшері өзгеріп отырады. Бұл көрсеткіш нарықтағы бағалы қағаздардың құнына, валюта бағамына, аударылған жарналардың көлемі мен уақытына тәуелді.
Қор өкілдерінің түсіндіруінше, 2026 жылдың наурыз айында теңгенің долларға қатысты нығаюы және зейнетақы активтерін басқарумен айналысатын шетелдік ұйымдарға сенімгерлік басқаруға берілген қаржы құралдарының нарықтық бағасының төмендеуі байқалған. Бұл жағдай инвестициялық табыстың азаюына әкеліп, салымшылардың шоттарында теріс инвестициялық табыс ретінде көрініс тапқан.
Сонымен қатар қордағылар инвестициялық қайта бағалау нәтижесінде шығын туындаған жағдайда, жинақ көлемі де, мерзімінен бұрын алуға болатын қаражат мөлшері де қысқаруы мүмкін екенін атап өтті. Егер сұралған сома шоттағы жеткіліктілік шегінен төмен қалса, БЖЗҚ мұндай қаражатты мерзімінен бұрын алуға рұқсат бермейді.
Алдағы уақытта Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін белгіленетін жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі қайта қаралуы мүмкін. Дегенмен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 8 сәуірде бұл көрсеткіштер биыл қайта көтерілмейтінін мәлімдеді.
