Қазіргі уақытта өңірде бизнесті дамыту, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, экспорттық әлеуетті арттыру және туризмді дамытуға баса назар аударылуда.
Сонымен, Түркістан облысында «TURKISTAN INVEST» фронт офисі құрылды. Ол инвесторларды тарту және сүйемелдеу, сондай ақ, экспортты дамыту жұмыстарын атқаруда.
– Қазіргі уақыт инвесторлар және экспорттаушылармен жұмыс жүргізудің жаңа тәсілін талап етеді. Инвестиция және экспорт параллельді түрде дамуы тиіс бағыттар, себебі шетелдік инвесторларды тарта отырып, экспорттаушылар үшін әлемдік нарыққа жаға жол ашылады. Осылайша, еліміздің экспорт географиясын айтарлықтай кеңейту мүмкіндігі пайда болмақ. Осының негізінде өңірде аймақтық экономиканы дамыту саясатын әзірлейтін Инвестициялар және экспорт басқармасы құрылды. Сондай-ақ осы екі бағытты «бір терезе» режимінде жұмыс істейтін фронт-офиске біріктіру тиімді, – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
Сонымен қатар, инвестицияларды тарту тетіктерінің тиімділігін арттыратын бірыңғай инвесторлар базасы құрылды.
Бүгін Түркістан облысының фронт-офисі өңірдің экономикалық әлеуетіне талдау жасады. Оның негізінде басым инвестициялық бағыттар анықталып, тың жобалар әзірленді. Нәтижесінде, жалпы сомасы 106,9 млрд.теңгеге 11 жоба дайындалды. 86 инвестициялық жобадан тұратын тізбе әзірленді. Олардың жалпы құны 338 млрд.теңге. Аталған жобалардың ішінде 4 317 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін сомасы 179 млрд.теңгеге 43 жоба 2019 жылы жүзеге асырылады. Оның ішінде құны 53,1 млрд.теңгені құрайтын 6 жоба шетелдік капитал қатысуымен іске асырылуда. Бұл жобалар жұмыссыз жүрген 443 азаматты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады.
Шетелдік инвесторлар және экспорттаушылардың қолайлылығы үшін қажетті ақпаратты қамтитын және фронт-офиспен жұмыс барысын айқын болуына негіз болатын бірыңғай сайт дайындалуда.
Статистика мәліметтеріне сәйкес, Түркістан облысының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 2019 жылдың 5 айында 87,3 млрд.теңгені құрады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,8% -ға жоғары.
Экспортты дамыту бойынша да көптеген жұмыстар атқарылған. Экспорт географиясы бойынша талдау жасалынып, барлық мүмкін тосқауылдар мен шешімдер анықталды, соның негізінде экспорттаушылардың бірыңғай базасы жасалды.
Қазіргі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бүкіл экономика цифрлық форматқа ауысқандықтан, аймақта ШОБ дамытудың негізгі факторы бола алатын «Turkestan Digital Trade» көп функционалды цифрлық сауда алаңы іске қосылды.
Статистикаға сәйкес, Түркістан облысының өңделген экспорттық өнімдерінің көлемі 2019 жылдың 6 айында 342,3 млн. АҚШ долларын құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,5% -ға артты.
Айта кету керек, фронт-офис тәулік бойы жұмыс істейді. Кеңседе қоңырау шалу орталығы (call-center: 20-14) жұмыс істейді, байланыс қолайлығын арттыру мақсатында мобильді құрылғы арқылы байланыс орнатылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі