Бірінші ота облыстық Фтизиопульмонология орталығында 46 жастағы азаматшаға жасалынған. Оның науқастанып жүргеніне 7 ай болып, аяқтары істен шыққан.
Екінші ота 38 жастағы азаматқа жасалды. Науқастарға Тһ8-9 және Тһ11-12 туберкулезді спондилиті белсенді сатысы диагнозы қойылған. Олар күрделі ота жасау алдында 20 күн ем қабылдаған.
Айта кетейік, науқастар бір тәулік ішінде жансақтау бөлімшесінен хирургия бөлімшесіне ауыстырылған. Бүгінде емделушілерде ауру сезімі басылып, аяқтарында қимыл пайда болған.
– Сүйек-буын туберкулезімен ауыратындардың 70 пайызға жуығы хирургиялық көмекке жүгінеді, яғни оларға операция жасалады. Туберкулездің дәріге сезімтал, дәріге төзімді түрлері бар. Қазір 60-63 пайызға дейін туберкулездің төзімді түрін анықтап жатырмыз. Соған тиісті дәріні тағайындаймыз. Себебі бұл кезде емнің тиімділігі артады. Сондықтан туберкулезді ерте анықтауды мақсат етеміз, – дейді Түркістан облыстық фтизипульмонология орталығының бөлім меңгерушісі Қуаныш Әміров.
Түркістан облысында жылына шамамен 10-15 туберкулезді спондилиті диагнозы бар науқастар Ұлттық фтизиопулмонология ғылыми орталығына жолдама алады. Бұл ауру тек ота арқылы емделеді.