Түркістанда этносаралық ахуал бойынша атқарылған жұмыстар сараланды

Жарбол Кентұлы 27 там. 2024 07:11 3499

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Азаматтық қоғам – тұрақтылық пен бірліктің кепілі» тақырыбында семинар өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап..

Семинарды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бұл семинардың бірлікті нығайтуда маңызы ерекше екенін айта келе Мемлекет басшысының ҚХА сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысына, алдағы атқарар мақсат-міндеттерге тоқталды.

Келелі кеңесте өңірдегі қоғамдық-саяси және этносаралық ахуал бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, қоғамдық келісімді нығайту, медиацияны дамыту жайы талқыланды.

Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, сондай-ақ Түркістан облысы прокурорының орынбасары, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары, Түркістан облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары, аудан, қала прокурорлары қатысты. Бұдан бөлек, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаменті аудандық, қалалық бөлімдерінің және аудандық, қалалық Полиция бөлімдерінің басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз орналасқан ауыл округтері әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары және «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысты.

Алқалы жиында сөз алған Ғалым Нұрмағамбетұлы еліміздегі этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстарына, Ассамблеяның елді біріктіруші ретіндегі рөліне тоқталды.

– Ел тыныштықта ғана гүлденеді, дамиды. Бұл ретте, қоғамның бірлігі мен ынтымағын сақтау – басты міндет. Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері киелі шаңырақ астында тату-тәтті ынтымақта өмір сүріп келеді. Облыста мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері де аз емес, бұл тұрғыда мәселе жоқ деуге болады. Дегенмен этносаралық факторды саясиландыруға және бұл мәселеде арандатушылық сипаттағы талқылауларға мүлде жол бермеу бағытында жұмыстарды күшейту маңызды. Қазір ақпарат дәуірі, көп азаматтар, әсіресе жастар ақпаратты әлеуметтік желі арқылы алып отыр. Осы орайда, фейк ақпараттармен күрес жұмыстарына сақтықпен қарауымыз керек, – деді Ғалым Нұрмағамбетұлы.

Бірлікке үндеген басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, семинарға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Бұл орайда «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед түрлі сауалдарға тұшымды жауап берді.

Семинарға қатысушылар пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы алда тұрған бірқатар міндеттерді айта келе, өңірімізде этносаралық келісімді сақтау, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу ісінде күш біріктіре отырып жұмыс істеуге сенім білдірді.

Еске сала кетсек, бүгінде өңірдегі ҚХА жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар