Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңір орталығында ішімдік ішуге тыйым салу туралы бастамаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Парламент Мәжілісінің кулуарында сөйлеген әкім орынбасары Түркістан қаласына ірі көлемде инвестиция тартылып жатқанын атап өтті.
“Бұл бастама жақсы ниеттен туындаған. Қала ақсақалдары, интеллигенция өкілдері мен белсенді азаматтар Түркістанды “арақсыз қала” етейік деген ұсыныс айтқан. Алайда соңғы жылдары облыс орталығына инвестиция көлемі айтарлықтай артты. Туристер саны да бір миллионнан асып, оның ішінде шетелдік туристердің саны 20 мыңнан асып отыр. Қалада инфрақұрылым қарқынды дамып келеді: қонақүйлер, бизнес орталықтар және басқа да нысандар салынуда.
Бұл ретте бизнес қауымдастықтың пікірі екіұдай. Себебі қалаға келген туристерге тиісті деңгейде сервистік қызмет көрсету қажет. Олар өз қажеттіліктері мен талаптарына сай жағдайды талап етеді. Сондықтан ішімдікке тыйым салу туралы ұсыныс әлі де талқылануда”, – деді Тәжібаев.
Сондай-ақ ол ішімдікке тыйым салу азаматтардың құқықтарын шектеу ретінде қарастырылуы мүмкін деген пікірге қатысты ойын білдірді.
“Бұл мәселеде кәсіпкерлер өз ойларын айтып жатыр”, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатпау туралы ұсыныс жасаған болатын.
Депутат Түркістан қаласы әкімдігіне сауал жолдады.
"Осы заң аясында Түркістан - рухани астанамыз, Түркістан - арақсыз қала деп Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп көшеде жүруге тыйым салсақ?! Өйткені рухани астана деп отырмыз, бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде бабаларымыз, әулие, батыр, билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді. Сол кезде азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заңның аясында арақсыз қала, рухани қала деп араққа тыйым салуға бола ма?" - деді Назаров.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев депутаттың сауалына жауап берді.
"Түркістан облысында ішімдіксіз ауыл деген арнайы жоба жарияланған. Осы жобаға біздің облыс бойынша отыздан аса ауыл қосылып отыр. Бұл бастама бойынша Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдармен, қоғамның түрлі белсенді өкілдерімен арнайы талқылаулар өткізілген. Түркістан негізгі басымдық бағытында рухани-мәдени бағытпен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес қауымдастықтың өкілдері тарапынан осы мәселеге түрлі көзқарас туындады. Бұл мәселе орынды. Алдағы уақытта заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз", - деді ол.
Еске салайық, келесі жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі. Бүгін Мәжіліс депутаттары Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын аяқтап, бірінші оқылымға ұсынуға дайын.
Бұл құжат Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде дамытуға бағытталған.