Осынау жоба аясында Dalanews.kz тілшісі Түркістан облысы Келес ауданына барды. Біраз шаруашылық пен өндіріс ошақтарын аралап, еңбегінің зейнетін көріп отырған шаруалармен сұхбаттасу сәті түсті.
Солардың арасында жас кәсіпкер Құдияр Тастановтың қолға алған ісі назарымызды аударды. Үлкен істі қолға алған жас жігіт Келес өзенінің бойынан бірнеше жасанды көлдер қазып, балық шаруашылығын дамытып отыр екен. Кездесу барысында Құдияр шаруашылығы жайында жан-жақты әңгімелеп берді.
Әрекетсіз отыруға болмайды
– Құдияр, үлкен өзен-көлі жоқ Келес ауданында балық шаруашылығын дамытып отырғаныңды естіген сәтте таңғалдық. Жасырып қайтейік, артынша өзіңмен кездесіп, бұл шаруашылықты қалай құрғаныңды білуге асықтық. Балық шаруашылығын қашан қолға алдың?
– Иә, қазіргі заманда ауыл шаруашылығын заман талабына сай дамытудың маңызы зор. Өзіңіз де білетін шығарсыз, жері сортаң, тасты Изарильдің өзі тамшылатып суару жүйесін ойлап тауып, өзіне қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, біразын сырт елдерге экспорттап, мол пайдаға белшеден батып отыр.
Бірақ оларға «тасты жерден қалайша мол өнім алып отырсыңдар» деп ешкім сұрақ қоймайды.
Изарильдің жерімен салыстырсаң Түркістан облысындағы қара жердің түгін тартсаң майы шығады. Иә, Келес ауданында үлкен өзен-көл жоқ. Бірақ біздің өзен-көліміз жоқ деп әрекетсіз отыруға болмайды.
Осы ретте біздер шағын болса да Келес өзенінің мүмкіндігін пайдаланып, балық шаруашылығын дамытудың маңызы зор екенін түсіндік.
Әрине, бұл ретте балық шаруашылығын біршама дамыған Шардара ауданымен бәсекелесе алмаспыз. Бірақ өзімізге қажетті біраз балықты аудан аумағында өсіріп, халыққа ұсынатын мүмкіндік бар.
Біздер Келес өзенінің бойында бірнеше жерде жасанды көл қазып, балық шаруашылығын дамыту ісін 2016 жылы қолға алдық. Әу баста бір жасанды көлді қазып, іргедегі Шардарадағы балық тәлімбағынан шабақтар әкеліп, жібердік.
Арада біршама уақыт өткеннен кейін қолға алған ісіміздің жемісті болатынына көзіміз жеткеннен кейін тағы да бірнеше жасанды көлшіктерді қазып, балық өсіру ісіне шындап кірістік. Бұл ретте біздің бастамамызды аудандық әкімдік те қолдады. Қазіргі таңда біздің жобамыз ауданды экономикалық тұрғыдан өркендететін инвестициялық жобалардың қатарына еніп, айрықша қолдауға ие болуда.
– Жұмысты 2016 жылы бастасаңыздар, балық өсіру саласында біраз тәжірибе жинаған шығарсыздар?
– Әрине, шындығында, балық өсіру оңай шаруа емес. Біздің ауданда бұрындары балық өсірген шаруашылықтар болмаған. Сондықтан білмеген дүниелерімізді интернеттен қарап, мамандарды іздеп барып сұрап-білуге тура келді.
Бұл жерде іргедегі Шардара ауданындағы тәлімбақтарда өсірілген шабақтарды тастадық. Бір шабақ 25-30 грамды құрады. Жасанды көлде сазан мен дөңмаңдай деп аталатын екі балықтың түрін өсірудеміз. Бұл екі балықты бір су қоймасында өсіруге болады. Бір-біріне кедергі жасамайды, жыртқыш емес. Жасанды көлдегі балықтардың салмағы 2 келіге жеткенде аулап, саудаға шығаруға болады.
Екі цехты іске қосамыз
– Сонда тоғандағы балықтарға қай кезде ау тастайсыздар?
– Биыл қыста тоғанға ау салып, балықтарды аулап, саудаға шығардық. Ең үлкен тоғаннан 18 тонна балық ауланды. Өндірген балықтардың бәрі Түркістан облысының аумағында саудаланды. Жалпы, облыста балыққа деген сұраныс жоғары. Сондықтан балық шаруашылығының келешегі зор деп нық сеніммен айта аламын.
Тоғандағы балықтар мамыр айының ортасынан бастап уылдырық шашады. Сол кезде тоғанға ау тастауға болмайды. Ал қалған уақытта салмағы 2 келіге жеткен балықтарды аулай беруге болады.
– Балықты өңдеп саудаға шығару ойларыңызда бар ма?
– Балықтарды өңдеп тұтынушыға жеткізуді көптен бері ойлап жүргенбіз. Сол арман-мақсатымызға биыл қол жеткізейік деп отырмыз. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауланған балықтарды ыстайтын шағын цехты іске қосу жоспарда бар. Бүгінде шағын өндіріс орнының ғимаратын салдық. Жақын күндері балықты ыстайтын жабдықтарды әкеліп орнатпақшымыз.
Біздер екі цех ашпақшымыз. Бір цех бір тәулікте 500 келі балықты өңдесе, екінші цех бір тонна балықты өңдейтін мүмкіндікке ие. Ауланған балықтарды өңдейтін цех болмағандықтан, бәрін әртүрлі бағада сатып келдік. Алдағы уақытта балықтарды өңдеп, тиімді бағаға сататын мүмкіндікке ие боламыз. Өндіріс орыны іске қосылғанда тоғаннан жыл бойына қажетті балықты аулап, өңдеуге мүмкіндік туады. Екі цех іске қосылса, ісіміз алға басып, жаңа жұмыс орындары да ашылатын болады.
– Құдияр, тоғандағы балықтарды қалай қоректендіресіңдер. Жемді қайдан аласыңдар?
– Балықтарды жүгерімен және бидаймен қоректендіреміз.
– Балықтың арнайы жемі болады деуші еді ғой?
– Иә, арнайы жемдер бар. Бірақ ол қымбат. Біздер жүгеріні ұнтақтап, түйіршіктеп балықтардың жеуіне ыңғайлап, дайындаймыз. Әрбір жасанды көлге күн аралатып 150 келіден жем шашамыз. Балықтарға жүгеріден басқа кебек те беруге болады.
Осыдан біршама уақыт бұрын балық шаруашылығының қыры мен сырын жетік білетін мамандар келіп, жасанды көлдерді аралап біраз жайтқа көзімізді жеткізді. Олардың айтуынша, жасанды көлдің жағасындағы құрақ қамыстар, көл табанындағы шөптердің арасында балықтарға қажетті қорек көздері мол екенін айтты. Мамандар балықтарға күн аралатып жем шашқанымыз артық екенін де ескертті. Өйткені шашқан жеміміздің біразы тоғанның жағасына шығып қалыпты.
Жеңілдетілген несиеге қолымыз жетсе...
– Қазақстанның қай аймағын алып қарасаңыз да балық шаруашылығын дамытудың маңызы зор екені анық. Жалпы, өзіңдей балық шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтарға мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіледі?
– Шыны керек, бүгінде ауыл шаруашылығы саласымен айналысуға ден қойған азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар бар. Оны жоққа шығаруға болмайды.
Өзіңіз де білетін шығарсыз, ауыл шаруашылығын қолдау қорлары арқылы қолға алған жобаларға қаржылай қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген несиелер беріледі.
Қазіргі таңда біздер мемлекеттің жеңілдетілген несиесін алуға талпынып жатқан жайымыз бар. Алдағы уақытта жеңілдетілген несиеге қолымыз жетсе, жасанды көлдердің аумағын кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Бұдан басқа, жергілікті билік орындары да қолдан келген көмектерін көрсетіп келеді.
Тікелей балық шаруашылығына келетін болсақ, балық өсіруге қажетті қоректік жем мемлекет тарапынан субсидияланады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің реестріне назар аударсаңыз, балыққа берілетін жемнің әрбір келісіне 50 теңгеден көмекқаржы берілетінін көресіз.
Министрліктің есебінше, жылына әр балыққа 4 келі жем беріледі деп есептелінген. Егер тоғанда мың балық өсірсеңіз 4 тонна жеміңіз субсидияланады. Мұның өзі біздерге үлкен көмек болып тұр. Биыл балық жемін субсидиялауға қатысты тиісті құжаттарымызды тиісті орындарға өткізіп қойдық.
– Бір сұрақ. Тоғанда 1000 балық бар екенін олар қайдан біледі?
– Сұрағыңыз орынды. Жасанды көлде жүрген балықтарды ешкім санай алмайды. Біздер тоғанға балық тәлімбағынан шабақтар тастағанда олармен келісімге отырамыз ғой. Субсидияға құжат өткізгенде біздерге тәлімбақтан тоғанға қанша шабақ тастағаны жайында анықтама қағаз алып, соны тиісті орындарға өткіземіз. Осылайша, тоғанда қанша балық өсіп жатқанын растай аламыз.
– Балықтарға тағы қандай күтім керек?
– Балықтарға уақытылы жемін шашып тұру керек. О баста жасанды көлдің жағасын жағалай өскен қамыстар мен көл табанындағы жалбыздарды тазалап тұру керек шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, оның қажеті жоқ екен.
Мамандар қайта қамыс пен жалбыз балықтарға қажетті табиғи қорек қорын түзетінін айтты.
Айтпақшы, балықтар қыста су түбіне шөгіп, ұзақ ұйқыға кетеді екен. Сол себепті қаңтар, ақпан айында жем шашпаймыз.
Қыста су бетіне мұз қатқанда мұзды жарып, балықтарға оттегінің баруын қамтамасыз етеміз. Түркістан облысының қысы қатты емес қой, қаңтар мен ақпан айында ғана күн аралатып мұзды ойып отырамыз. Ал қалған уақытта су бетіне мұз қатпайды.
Ең бастысы, балықтар үшін судың тазарып тұрғаны маңызды. Келес өзенінің бір арық суы жасанды көлдерге түсіп, ең соңғы көлден өзенге қайта қосылып кетіп отырады.
Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН