Заманауи технологиялардың көмегімен іске асып жатқан жаңа бастама қазірдің өзінде оң нәтиже беруде. Мәселен, цифландырудың арқасында білім беру саласында балабақшаға баланы қабылдау және жолдама беру процестері адамның қатысуынсыз жүргізіле бастаған.
Елбасы халыққа арнаған Жолдауында қызметтердің сапасын жақсарта отырып, еңбек өнімділігін көтеруде цифрландыру жүйесінің маңызы зор екенін атап өткен болатын. Осы ретте өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен елімізде алғашқы болып ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету саласында арнайы басқарма құрылғанын айрықша атап айтуға болады. Ондағы мақсат «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық форматқа көшіру болғаны баршаға мәлім. Бүгінде басқарма табысты жұмыс істеп, облыс әкімінің сенімін ақтады десек болады.
Тұрғын үй кезегіне тұру мәселесі әрдайым халықтың қызу талқысына түсетіндіктен, жаңа жоба бұл салаға да енгізілген. Нәтижесінде заңсыз шешім қабылдауға жол бермейтін «Тұрғын үй қатынастары» пәтерлерді бөлудің автоматтандырылған жүйесі іске асырылуда. Осының арқасында өтініштерді қараудың орта мерзімі 2 айдан 20 күнге қысқарып, азаматтар тарапынан арыз-шағымдар азайған.
Сондай-ақ, цифрландыру жүйесі енгізілгелі ауыл шаруашылық саласында да оң өзгеріс байқалған. Мәселен, роботтардың арқасында «Бөрте Милка» сүт-тауарлы комплексі сапалы өнім шығарып келеді. Алдағы уақытта аталған салада «Ақылды өріс», «Ақылды суару» жобалары қолға алынбақ.
Пилоттық жобалардан бөлек заманауи технологиялар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм, мемлекеттік қызметтер көрсету, архив салаларын да сынақтан өткізілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі