Төрт түлік қыстан қысылмай шықты

Dalanews 23 сәу. 2019 11:01 892

Көктем айымен қатар келетін мал төлдету науқаны малшы қауымы үшін аса бір жауапты кезең болып есептеледі. Бұл тек төрт түлік ұстағандарға ғана емес, бүтін бір ауыл шаруашылығы саласы үшін де маңызы зор науқан. Өйткені, наурыздың алғашқы күндерінен-ақ жердің тоңы жібіп, аудан диқандары жаппай соқа-сайманын сайлап, малшы қауымы мал төлдетуге бел шеше кірісіп кетеді. Көктем шыққалы барлық шаруашылықтың қорасында қозы-лақтың құлаққа жағымды маңыраған үні естіліп, малсақ жанның езуіне күлкі үйіріліп, қуанып жатқаны бәріне белгілі.

Осыған байланысты, Шу ауданында мал төлдету науқаны қалай жүріп жатқанын байқап көрген едік. Мәселен, аудан орталығынан шалғай орналасқан Көкқайнар ауылдық округіндегі «Ынтымақ» шаруа қожалығы науқандық жұмысты аяқтап та қалыпты. Шаруашылық жетекшісі Қырғызбай Баймұханбет 100 саулықтан 100 қозы деп жоспар құрмаса да, қыстақтағы қорадан өретін төрт түліктің басын көкке жеткізіп, шығынсыз төл алудың қамымен жүргендерін айтады.

–«Ынтымақ» шаруа қожалығында осыдан 20 жыл бұрын небәрі 35 бас уақ мал болса, бүгінде 900 бас қой, 150 бас сиыр және 50 бас жылқы бар. Оған қоса, малды асылдандырумен айналысуды қолға алдық. Қазір мал бордақылауға арналған шағын алаңымыз да жұмыс істеп тұр. Шаруашылықта ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан 16 адамның 4-уі сақманшы, 2-уі малшы және 10 механизатор бар. Қыстақтағы науқандық жұмыс наурыз айының басынан басталып кетті. Шүкір, төрт түлік қыстан қысылмай шықты. Жем-шөп те толық жетіп, малдың қоңдылығы сақталды. Ал, мал төлдетудің машақатын малшылардан артық ешкім біле қоймас. Әсіресе, түнде сақманшылардың ең сақ болатын сәті. Олар әр 2-3 сағат сайын қорадағы қойды аралап, жаңа туған мал кезігер болса қозыларын бөліп отырады. Өрісте туғанын өзімен алып келеді. Оның үстіне, шаруашылықта қойдан бөлек, төрт түлікті түгел өргізіп отырғандықтан, мал төлдету барлығымыз үшін өте қауырт науқан болып тұр. Дәл қазір қойы қоздап, биесі құлындап, сиыры бұзаулап жатқан малшы қауымның бір сәтке де демалуға мұршасы жоқ, - дейді ол.

Жалпы, шаруашылықтағы 900 бас қойдың 700-і ғана туады екен. Қазіргі кезде уақ малдың барлығы дерлік төлдеп үлгерген. Сондай-ақ, сиыр мен жылқының да тең жартысы төлдепті. Шаруалар сәтін салса, сәуір айының соңына қарай мал төлдету науқаны түгелдей аяқталады деп жоспарлап отыр. Одан кейін шаруашылықтағы төрт түлікті жайлауға көшірудің қамы басталмақ. Ол жерде малшыларды қырықтық пен ветеринарлық жұмыстарды жүргізу сынды үлкен науқан күтіп тұр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар