«Біздің шетелдегі дипломаттарымыздың жұмысына келсек, ол бөлек әңгіменің тақырыбы.
90-жылдардың басында біз мамандар таңдау барысында үлкен қиындықтарға кездестік.
Шет елдердегі елшіліктерге ағылшын Сыртқы істер министрлігі (СІМ) орталық аппаратының үздік қызметкерлерін жіберуге тура келіп, ал Орталықта кәсіби мамандардың тапшылығы сезілді, жұмыстың ауырлығы да еселеп арта түсті.
Бірақ басқа жол жоқ, өйткені басты назар шет елдегі дипломатиялық инфрақұрылымды күшейтуге бөлінді.
Кейінде мұндай кадрлық саясат, менің ойымша, дипқызметтің бір-бірінен ажыратуға болмайтын екі бөлігі – елшіліктер мен СІМ аппаратына бірдей пайдалы жүзеге асырылды және өзін толық ақтады, өйткені бірнеше жыл өткен соң сапалы да сауатты дайындалған мамандар буыны қалыптасты.
Маған бірнеше мәрте: елшіліктерге мықты кадрлерді жіберудің не қажеті бар, жаныңда болғаны дұрыс, өзің көбірек демалу үшін олар осында тер төксін деген ұсыныстар айтылды.
Менің көзқарасым: жас дипломаттарға орталықта да, «сыртта» да жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажет, сонда олардың кәсіби біліктілігі артады. Оларды, ең бері айтқанда, мәңгілік көмекшілерге айналдырып, маңайыңда «жібермей» ұстау дұрыс емес.
Жұмысқа келсек мен одан қуана қанағат аламын, «сыбырлаушылардың» жәрдеміне зәру емеспін.
СІМ-де жұмыс барысында мен министр Қазақстанның халықаралық қызметінің барлық негізгі мәселелерінің тамырын басып отыруы тиіс деп санадым. Сондықтан көп уақытым маңызды қызметтік құжаттарды оқуға, президент пен үкіметке хаттар дайындауға жұмсалды.
Принципті түрде ірі ұжым басшылары, әсіресе дипломатиялық ведомство сынды өзіндік мекеменің жетекшісі қол астындағыларға кәсіби дайындығы мен еңбекқорлығы тұрғысынан үлгі көрсетуі тиіс деп санаймын. Қарамағындағылардан көп біліп, көп істей алғаны абзал, тек осылайша, ұжымда шынайы беделге жетуге болады.
Ең бастысы, өз қызметкерлеріне тапсырмаларды бөліп беруді дұрыс деп санайтын бастықтармен түбегейлі келіспеймін.
Мұндай адамдар, әдетте, жұмысқа беріліп кіріспейді, тіпті қызметтік құжаттармен танысуға да уақыт таппайды.
Дәл осылайша, өзімбілемдікке салынып, орынбасарларының тізгінін тартып ұстауды ең басты міндеті санайтын дүлей басшыларды да түсіну қиын.
Неғұрлым қысым көрсеткен сайын, солғұрлым сыйлайды деп санайтын пікірге түбегейлі қарсымын.
Ал шындығында, мұндай басшыларды сыйлағаны былай тұрсын, қайта одан сайын жек көреді.
Расында, күні-түні жұмыста болып, қолынан түк келмейтін басшыға анықтама дайындап, ол үшін мақалалар мен сөздер дайындау кімге ұнасын. Мұндай «қасірет-министрлердің» өз басшылық жұмысындағы «жүйелілікке» сілтеме жасауы ешқандай сын көтермейді. Бұл – өзінің бейқам өмірге құмарлығын ақтаудың әлсіз әрекеті.
Мұндай жұмыс тәсілі жас мамандарға үлгі тәрізді көріне бастауы, әрине өкінішті. Олардың кейбірі бейқамдық пен мансапқорлықтың індетіне ұшырап, ақ-қараға қарамастан, биліктің жалына жармасқысы келеді.
Бір күні мен біздің елшіліктердің біріндегі басшылық қызметке үміткермен әңгіме өткіздім.
«Жоғарыдан» ұсынылған жас жігіт шет тілін нашар білетіні, оның үстіне баратын елінің тарихы мен дәстүрінен мүлде мақұрым екені байқалды. «Мұндай интеллектпен қалай жұмыс істемексің» деген сауалыма ол еш абыржымастан: «Мен бастықпын ғой, менің ісім – тапсырмалар беру» дегені бар.
Ал мамандардың тағы бір бөлігі кейбір басшылардың жұмысқа мұндай көзқарасын көріп, мемлекеттік қызметтен көңілі қалады, оның тек қана көлеңкелі жақтарын байқап, ақыр соңында әділдікке сенуден кетеді.
СІМ-ді әспеттеуден аулақпын, бірақ біздің жүйеде белгілі бір моральдық қалыптар сақталды.
Біз әрқашан қабілетті дипломаттардың қызметтік сатымен өрлеуін немесе елшіліктерге іссапарға жіберілуін қолдауға тырыстық.
СІМ басшысы ретінде мен үшін министрлік қызметкерлері өздерін ешкімнің ұмытпайтынын және қолдайтынын сезініп жүруі ерекше маңызды болды. Дипломатиялық ұжымда өз мамандығына шынайы берілгендік арқасында корпоративтік дәстүр қалыптасты.
«Қол астындағылардан көбірек біліп, көбірек жасай алу» қағидасы маған дипломатиялық ведомство қызметкерлерімен қарым-қатынастарымда ұдайы көмектесті.
1994 жылғы қазаннан бастап 2007 жылғы қаңтарға дейін, премьерлік креслода отырған екі жылдан артық мерзімді қоспағанда, барлығы 23 адам менің орынбасарым болған екен.
Сырттай қарағанда бұл кадрлердің тоқтамауы тәрізді көрінеді, бірақ мен басқаша санадым: адамдарға елші ретінде өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажет, өз мүддең үшін ғана оларды «қанап» және бойындағының бәрін сығып алу шарт емес.
Сондықтан да мемлекет басшысына елші лауазымына орынбасарларымның, департамент директорларының үлкен тобына ұсынып отырдым. Мен ұсынған дипломаттардың көпшілігі өздерін жақсы жағынан көрсете білді, бұған әрине, көңілің жылып қалады. Елшілік жұмысқа кәсіби дипломаттарды көптеп тарту Президент Н.Назарбаевтың қолдауынсыз іске аспас еді.
Ол 90-жылдардың өзінде негізгі дипломатиялық лауазымдарға қабілетті мамандарды таңдап алу міндетін қойды.
Мемлекет басшысы бұл күрделі де қауырт жұмыстың барлық кілтипандарын кәміл түсінеді, кадрлерге мұқият қарайды, көптеген дипломаттармен жеке әңгіме өткізеді. Бірде-бір жарлық елшілік жұмысқа немесе министрдің орынбасары лауазымына үміткердің кәсіби қабілетін мұқият зерделеп алмайынша қол қойылған жоқ.
Бұл факт Президенттің дипломатияға, әсіресе оның басшылық құрамын қалыптастыруға баса назар аударатынын растайды. Басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені Н.Назарбаев барлық мәселелерге қатысты өзінің тиянақтылығымен мәлім. Сондықтан дипломатиялық қызмет мемлекет басшысының жеке қарамағында тұрғандықтан, оның назарынан ешуақытта тыс қалған емес.
Президент Конституцияға сәйкес, елдің сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтайды. Басқаша айтқана, Қазақстанның сыртқы саяси бағытын тікелей жүзеге асырады.
Бұл жай сөз емес, істің нақты шындығы. Мұны толық түсіністікпен және жауапкершілікпен айтып отырмын, олай дейтінім он бес жылдың көлемінде мен біздің еліміздің басшысын күрделі дипломатиялық істің қайнаған ортасында көру мүмкіндігіне ие болдым».