Тіл мен мәдениетті насихаттауда креативті индустриялардың рөлі өте зор – Дәурен Қуат

Жарбол Кентұлы 31 қаң. 2025 10:18 249

Қазақстанда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы күн санап кеңейіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатындағы қазақ тілінің бәсекеге қабілеті туралы ойлары қоғамда қызу талқылануда. Жастар арасында қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық артып, тіпті қазақша сөйлеу сәнге айналып келеді. Бұл үрдіс болашақта тіліміздің мәртебесін арттырумен қатар, оның әлемдік аренада лайықты орын алуына жол ашуы мүмкін.

Жазушы Дәурен Қуат осы және басқа да маңызды мәселелерді қозғай отырып, мемлекеттік тілді дамыту жолындағы жетістіктер мен алда тұрған міндеттер туралы ой бөлісті.

– Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келетінін айтты. Сіздің байқауыңызша, қазақ тілін білу сәнге айналып бара жатқаны рас па?

– Осы сауалыңыздағы «сән» деген сөзге жеке тоқталып, оған мән берер болсақ, жалпы, сән, сән әлемі – сиқырлы әлем. Оның қандай да бір магиясы бар. Нақтырақ айтсақ, сән әлеміне жастар үйір келеді. Демек, осы күні жаппай бұқаралық қолданысқа енген қазақ тілінде сөйлеу – жастар арасында сәнге айналып келеді деп сеніммен айтуға болады. Ал, Қазақстан халқының 20 пайыздан астамы 15 пен 25 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар екен.

Тілге байланысты мені ЖОО-да оқитын студенттердің пікірі көбіне көп қызықтырады. Неге? Өйткені, студенттер – болашақ мамандық иелері. Олар ертең ел тағдырына, мемлекеттік маңызы ерекше істерге жауапты қызметтерде болады. Сол адамдар алдағы уақытта қай тілде сөйлеуі мүмкін? Әрине, мемлекеттік тілде. Бұл жайтке мен болжам жасамай-ақ қойсам да болады. Себебі, аға буын мен орта жастағылар сияқты емес, жастар жағы қазақ тілінің қажеттілігі күннен күнге туындап келе жатқанын жақсы ұғып отыр. Сондықтан қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылып, қазақ тілін үйренуге үлкен ынта білдіруде.

Мен қазақ студенттерінен: «Сендердің орыс, кәріс, неміс немесе ингуш достарың бар ма? Олар қазақ тілін біле ме және олар қаншалықты деңгейде отаншыл азаматтар?» деп сұраймын. Олар менің бұл сауалыма: «Иә, біздің өзге ұлттан достарымыз жетерлік. Олардың көбі бізбен қазақша сөйлеседі. Қайсыбірінің отаншылдық рухы бізден де жоғары» деп жауап береді. Мен бұл жауапқа қуанып қаламын.

– Мемлекет басшысы бизнес қазақтілді тұтынушыларға бет бұра бастағанын және бұл үрдіс көзге анық көрінетінін атап өтті. Сіздің ойыңызша бұл тенденция ма? Егер солай болса, тілімізді үйренуге деген қызығушылық алдағы уақытта бұдан да күшейе ме?

– 1970 жылдары болса керек, қытайдың бір сауда министрі Сингапурдың серкесі Ли Куан Юге «тездетіп қытай тіліне көшіңіздер» деген ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныстың астарындағы саясатты түсіне қойған Ли Куан онымен келіспейді. Сингапур халқының өзі қытай тілді болғанымен, ресми Бейжіңнің қолданысындағы қытай диалектісі Сингапурде үстемдік етер болса, бұл аралдардан құрылған қала мемелекеттің дамуына кері ықпалын тигізер еді.

Көрдіңіз бе, сауда-саттық, алыс-беріс ұлт таңдамайды, мемлекет таңдамайды десек те, оның артында саясат бой тасалап тұрады екен.

Қазақстан қазір көршілерінің біріне Жылу электр стансасын салуға, тағы бір көршісіне кәсіпорындар ашуға рұқсат беріп отыр. Экономикалық тұрғыдан мұның бәрі құптарлық қадамдар. Соның өзінде де біз ұлттық тұтастығымызды, шекарамыздың бүтіндігін, ел қауіпсіздігін қатаң ескеріп отыруымыз керек.

Есіңде ме, осыдан он шақты жыл бұрын «СНПС-Ақтөбемұнайгазда» тап осы тілге қатысты, мемлекеттік Әнұранға қатысты мәселелер туындап барып басылып еді ғой. Сондай келеңсіз жайттар қайталанбас үшін, әрі тараптардың түсіністік деңгейіндегі қарым-қатынасы қарқынды дамуы үшін үкіметаралық немесе кәсіпкерлер арасындағы келісім-шарттарда тіл мәселесінің жай-күйі ескеріліп отыруы керек деп ойлаймын.

Неге мен бұлай ойлаймын? Себебі, еліміздегі жұмысшылар мен шаруалардың бәрі қазақтілді адамдар. Ендеше ол адамдардың еңбек құқығымен қатар, өз тілінде сөйлеу, өз тілінде мейлінше мол ақпарат алу, өз тілінде технологиялық жетістіктерді игеру құқығы да алдыңғы орында тұруы тиіс. Сонда біздің елдің даму қарқыны арта түседі. Дамудың басты динамикасы қарапайым адамдардың көп тілді білуіне емес, өз ісін жақсы білуіне байланысты болса керек.

Рас, Президент сұхбатында атап өткендей, кәсіп ашып, азды-көпті өнім өндіріп, сауда-маркетниг саласында жүрген кәсіпкерлер қазір жаппай қазақтілді тұтынушыларға бет бұруда. Себебі, олар Қазақстандағы басты тұтынушыларының кімдер екенін, олардың қай тілде сөйлейтінін, оларға қалай қызмет жасау керек екендігін бек жақсы біліп қалды.

Қайбір жылы, Ақтау қаласында ғой деймін, сатушы мен тұтынушының арасында түсініспеушілік болып, ол екеуінің қазір айтылып, қазір ұмытылатын тұрмыстық деңгейдегі дау-дамайы, сауда-саттықта ұрыс-керіс үнемі болып тұрады, ол болмаса, оның несі сауда (күледі) әлеуметтік желілер арқылы тарап, оған біреулер саяси бояу жаққысы келіп жанығып еді ғой. Ал, ол бояу ертең қанша жерден тазалап сүртсең де кетпейтін бояуға айналса, қалай болар еді? Сөз жоқ, қиын болар еді.

Сондықтан бизнестің тілінде, күнделікті сауда-саттықтың тілінде, банктер мен халыққа қызмет көрсететін өзге де салалардың тілінде мәдениет, өзара сыйластық, түсіністік қалыптасса, біздің тыныштығымызды ешкім алмайды.

– Президент қазақ тілі әлемдегі ең көп тараған тілдер арасында 79-орында тұрғанын айтты. Тоқсаныншы жылдары біз тілдің жоғалып кету қаупі туралы дабыл қақтық. Қазір бұл қауіп сейілді ме?

– Сен айтып отырған сол дабылды тоқсаныншы жылдардың өзінде-ақ, «қазақ тілін білуім керек», «қаза тілінде сөйлеуім керек», «кеңпейіл қазақ ұлтының қадіріне жетуіміз керек» деген көңіл-күй еліміздегі өзге ұлттар арасында көп байқалған.

Кейбір ата-аналар орыс мектептерінде оқып жүрген ұлы мен қызын алып қазақ мектептеріне ауыстырды. Отбасында орысша сөйлеп отырған әкелер мен аналар «ана тілін ұрпағым білсін» деп, жеткіншектерін жетелеп апарып қазақ мектептеріне беріп жатты. Сондай жақсы тенденцияны көре тұра, өкінішке қарай, билік осалдық танытты. Халықтың еркі-жігеріне тұсау салды.

Бір тілде сөйлеп кетуге пейлі ауып тұрған ел ішіне біреулер газет-журналдар арқылы іріткі салды. «Караван» дейтін саржағал газет бастап бәрі «қазақ мектептерінде білімнің деңгейі төмен», «ЖОО қазақ тілінде дұрыс білім бермейді», «қазақша оқығандар маман ретінде нашар» деген сыңайда сыңарезу, біржақты мақалалар жариялап жатты. Күн құрғатпай, үзбей жариялады.

Оған және «қазақ баспасөзінде оқитын ештеңе жоқ», «қазақ журналистері шындықты жаза алмайды» дейтін өтірік келіп араласты. Үкеметтің, биліктің қолдауымен бизнесмен атанған азаматтарымыз олар да қазақ тіліне қарсы шапты. Осылайша қазақ тілінің қолданыс аясы тарылып, биліктің, бизнестің, баспасөздің тарапынан кемістік көріп, басына қауіп бұлты үйрілді. Баспасөздің өтірігіне сенген жұрт енді балаларын қазақ мектептерінен алып орыс мектептеріне ауыстыра бастады. Сол былықпадан біз әлі толық арылып болған жоқпыз.

Есіңде ме, Астанадағы бір мектепті көпшілік «таза қазақ тілді мектеп етіп ашайық» деген шешімге бес-алты ата-ана, тап іргесінде орыс тілінде білім беретін мектеп тұрса да, «аралас мектеп жасаумыз керек» деп шу шығарып еді ғой. «Олай болмаған жағдайда Кремлге арызданамыз, Путинге шағымданамыз» деп қоқан-лоққы да жасаған болатын. Ал, бұған не деуге болады? Мұның аты бассыздық, шектен шыққандық. Ел ішіне іріткі салу. Мемлекетті, халықты сыйламау. Басқа түк те емес! Әлгі шулап жүрген әйелдердің бірінің күйеуі әскери адам екені белгілі болды. Аса жоғары отаншыл рухта болуы тиіс әскери адамның отбасында тілге қарсы, қазақ тілінде білім беретін мектепке қарсы ұстаным болса, өзгелерге не деуге болады?

Әңгімеміздің нобайынан байқаған шығарсыз, тілге байланысты қауіп сейілді деп бүгінгідей геосаяси күрделі заманда қарап отыруға еш болмайды. Керісінше, қауіпсіздік шараларын, адамдар арасындағы түсіністік шараларын еселеп арттыра беру керек.

– Мемлекеттік тілді насихаттауда зиялы қауымның – ақындар, жазушылар, ғалымдар мен журналистер ерекше рөл атқарады. Мемлекет олардың еңбегін қаншалықты бағалап отыр?

– Мемлекет ақындар мен жазушыларды, ғалымдар мен журналистерді «Мемлекеттік тілді насихаттау ісінде сендердің еңбектерің зор» деп арқаға қағып, марапаттап, төрге отырғызып немесе бас басына жағдай жасап беріп жарылқамай-ақ қойсын. Олай бағалап, олай жағдай жасау керек болса, онда Үкіметтің жыл сайын марапаттайтын адамдары таусылмауы мүмкін.

Ең дұрысы – ақын-жазушылардың, ғалымдар мен журналистердің тілге қатысты ұсыныстары мен көтерген мәселелеріне назар аударып, іске асырып, басшылыққа алып отырса, сол жетеді.

Нағыз тіл жанашырларына бұдан артық құрметтің де керегі жоқ.

– Сіз цифрландыру үдерісін мұқият бақылап отыратыныңыз анық. Бұл болашақта тілдерді үйрену процесінде үстемдік ететін бағыт болады. Бізде осы бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

– Былтырғы қараша айының соңына ала Мәжіліс депутаттары мен Үкімет мүшелерінің арасында қазақ тілінің қолданысы мен қорын цифрландыруға қатысты Парламентте бір талқылау болды. Депутат Асхат Аймағамбетов баяндама жасады. Бұл бағыттағы Үкіметтің қолға алып отырған жұмысы мені елең еткізді.

Алдағы жылдары мемқызметтегілер түгелімен цифрлық жүйе бойынша тілді білуге, біліп қана қоймай сөйлеуге, жазуға, жазып жауап беруге дағдыланады екен. Цифрлық жүйедегі қазақ тілі қазақ тілінде өте тыңғылықты әрі сауатты жасалса, оны кез келген шенеунік оп-оңай меңгеріп кете алатын көрінеді. Мұның сыртында дүниені қусырып жасанды интеллект келе жатыр. Біз енді тілімізді тездетіп сол жасанды интелллектке енгізуіміз керек.

Президент сұхбатында «қазақ тілі әлемдегі ең көп тараған тілдер арасында 79-орында» деді ғой. Қазір түркі елдердің арасында, әсіресе, түркі ғалымдарының арасында «түркі елдеріне ортақ тіл қазақ тілі болуы керек» деген ұсыныстар айтылуда. Алдағы уақытта сондай ортақ шешім қабылданып жатса, қазақ тілінің әлем тілдерінің арасындағы орыны оза түсу әбден ықтимал. Бірақ ендігі жерде тілдің орнын ЖИ анықтайтын болады. Біз осыны мықтап ескеруге тиіспіз.

– Тілді креативті индустриялар – әдебиет, кино, музыка және тіпті компьютерлік ойындар арқылы насихаттау тиімді. Осы туралы сіздің ой-пікіріңізді білгіміз келеді.

– Тілді ғана емес, тарихты, мәдениетті, ғылымды насихаттауда креативті индустриялардың ролі өте зор. Креативті индустрия ЖИ дәуіріндегі саяси аренада жетекші сала болып алға шықты. Демек, әдебиет, кино, музыка бұл заманда шығармашылық адамдарының ғана жеке дүниесі емес, мемлекеттің мүлкі болып есептеледі. Иә, мемлекеттің мүлкі, мемлекеттің меншігі. Ал, бұл мүлікті, яғни, ұлттық әдебиетті, ұлттық киноны, ұлттық музыканы шетелдерден сатып алып жасай алмайсың? Аталған құндылықтарды шетелден ең керемет деген мамандар келіп жасап бермейді. Сондықтан мемлекет креативті индустриялардың дамуына барынша пәрмен тудырып, ықпал етіп отыруы қажет.

Компьютердік ойындар, әлеуметтік платформалар тілдің дамуына септігін тигізбесе, зиянын тигізеді деп ойламаймын. Алайда әлеуметтік платформалардағы (мысалы, ТикТоктағы) тілдің насихаты мен компьютерлік ойындардағы тіл өте-мөте сауатты жасалауы керек. Сауатсыз, білімсіз жасалған нәрселер тілді де бұзады, жас ұрпақтың санасын да улайды.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет, Дәуке!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар