Қазақстанда қосымша құн салығын (ҚҚС) 12 %-дан 20 %-ға дейін өсіру ықтималдылығына қатысты жаңалық бизнес өкілдерін дүр еткізді. Еліміздегі бірқатар сарапшылар мен кәсіпкерлер мұндай өзгеріс тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнын өсіріп, инфляцияны үдетеді, ал ұзақ мерзімде ел экономикасына кері әсер етуі ықтимал деп санайды. Сол себепті бизнес қауымдастық бұл бастамаға наразылық білдіретін петиция әзірлеп, тіпті халық үнін билік естуі үшін референдум өткізу мүмкіндігін қарастыруға ниетті, деп жазады Dalanews.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін Үкіметке қарасты тиісті органдар жаңа салық реформасын даярлап жатқаны хабарланған. Оның аясында ҚҚС мөлшерлемесін арттырумен қатар, осы салықты тіркеу үшін табыс көлемінің төменгі шегін 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін азайту ұсынылып отыр. Үкімет мұндай шаралар негізінен Еңбекақы қорына артылатын жүкті жеңілдетіп, салықтың бір бөлігін тауар сөреге келіп түскенге дейінгі өзіндік құнға өткізуге бағытталатынын айтады. Ал бизнес өкілдері бұл тәсіл "ірі кәсіпорындарға ғана пайдалы, керісінше шағын және орта бизнеске ауыр соққы болады" деп алаңдайды.
Салық мәселелері жөніндегі кеңесші әрі бірнеше онлайн-платформаның негізін қалаушы Файзирахман Миянов ҚҚС-ты көбейтуді "кез келген тұтынушыға салынатын салық" деп атап, оны "кедейлікке салынатын салыққа да" балайды. Оның айтуынша, қосымша салықтық салмақ түптің-түбінде қарапайым азаматтардың қалтасын қағады, өйткені мұндайда кәсіпкерлер шығынды өтеу үшін тауар мен қызмет құнын қымбаттатуға мәжбүр болады. Миянов жаңа реформаның негіздемесі жеткіліксіз екенін, нақты ғылыми зерттеулер жүргізілмегенін, сол себепті мұндай қадам ел экономикасына ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді.
"Сарапшының пайымдауынша, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру ұсынысы 2010 жылы Дүниежүзілік банкпен жасалған келісімнен туындауы мүмкін, онда салықты көтеру талабы сыртқы міндеттеме ретінде бекітілген. Ол кезде 17 млн доллар қарыз ақша алынған. Сол қарыз келісімшартында ҚҚС мөлшерлемесін көтеру талабы көрсетілген. Сондықтан Миянов бұл шешім Қазақстан экономикасының мүддесінен гөрі сыртқы қарыз шартына көбірек тәуелді деген болжам жасайды".
Сондай-ақ ол ірі корпорациялар мен белгілі бір салалардағы алпауыт кәсіпорындарға берілетін салық жеңілдіктері сақталып отырғанын, ал құрылыс сияқты секторларда жеңілдіктерді жою жоспары қарапайым халыққа баспана бағасын қымбаттатып, қолжетімділікті төмендететінін атап көрсетеді.
"Бұл арада заңды сауал туындайды: неге ірі корпорацияларға салықтық жеңілдіктер қарастырылады да, керісінше ШОБ пен қарапайым халыққа салықты өсіру арқылы шығындарды арттыру көзделеді. Бұл әділдетсіздік емей немене", - дейді ол.
Министрлік пен үкімет өкілдерінің ресми мәлімдемесінде салық ауыртпалығын арттыру арқылы Еңбекақы қорына түсетін жүкті жеңілдетуге басымдық берілетіні айтылғанымен, кәсіпкерлер бұл шешім, шынтуайтында, шығынды азайту орнына экономиканы "көлеңкеге" итермелеп, шамасы жетпеген компанияларды жабылуға мәжбүрлейді деп қауіптенеді. Кейбір бизнесмендер мұндайда шетелдік инвесторлардың да қызығушылығы бәсеңдеп, елдің экономикалық даму қарқыны тежелуі мүмкін деп алаңдайды.
Бұған қоса, жаңа цифрлық технологияларды енгізу барысында салықтық жүйенің жұмысы жиі іркіліске ұшырап, бизнеске қосымша түйткілдер тудырып отырғаны туралы да пікір бар. Осы себепті бірқатар кәсіпкерлер биліктен салықтық өзгерістерді асықпай, бизнес қауымдастығы ұстанымын ескере отырып талдауды талап етеді. Олар ҚҚС мәселесі тереңдетілген сараптамадан өтіп, нақты экономикалық негіздеме болмаса, дүрбелең тудыруға себеп болады деп есептейді.
"Ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. Бұл шараның салдары беймәлім күйде қалуда. Ұлттық экономика министрлігі жанында салық заңнамасы бойынша ұсыныстарды зерделейтін "Экономикалық зерттеу институты" АҚ жұмыс істейді. Бірақ олардың сараптама қорытындысын біз көріп отырғанымыз жоқ", - дейді маман.
Қазіргі таңда бизнес өкілдері WhatsApp-та "ҚҚС мөлшерлемесін арттыруға қарсымыз" деген арнайы топ ашып, ортақ петиция жобасын талқылауда. Бұл бастаманың авторлары референдум өткізуді де жоққа шығармайды. Олардың айтуынша, салық саясатына қатысты мұндай ірі өзгерістер қарапайым азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіндіктен, мемлекет халықтың пікірін ескеруге тиіс. Кәсіпкерлер ендігі жерде билікпен диалог орнатып, салық жүктемесін әділ бөлуді көздеп отыр.