Еуропалық одақтың Санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О ' Салливан ЕО Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларға қосылмау турасындағы ұстанымына толықтай құрметпен қарайтынын мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz.
"Біз Қазақстанның санкциялар қабылдауын талап етпейміз және оған мәжбүрлемейміз де. Біздің Ресей мен Қазақстан арасында көптеген жылдар бойы жалғасып келе жатқан заңды сауда-саттық қатынастарына араласуға және оны қандай да бір жолмен бүлдіретіндей ниетіміз де жоқ", - деп КазТАГ агенттігі О ' Салливанның сөзін келтіреді.
Бұл ретте, Еуроодақты бизнестің кейбір жосықсыз өкілдері Қазақстанды санкцияларды айналып өту платформасы ретінде пайдалана алатындығы алаңдатады.
"Осындай жолды пайдалана отырып, Ресейдің қару-жарағында қолданылатын, ЕО-да өндірілетін жоғары технологиялық өнімдерді қайта сату ықтималдылығы бар. Мысалы, зымырандарда, дрондарда, артиллерияда қолданылатын. Осыған байланысты біз санкцияларды айналып өтуге жол бермеу тұрғысындағы Қазақстанмен арадағы ынтымақтастыққа көңіліміз толады", - деді О ' Салливан.
Ол қазіргі уақытта ЕО санкцияның 16-пакетіні әзірлеп жатқанын және оған қазақстандық компаниялардың кіруі мүмкін екенін айтты.
"Бұл тізімге қазақстандық компаниялардың енуін жоққа шығара алмаймыз, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Осыған байланысты, тізімге тек санкцияларды бұзу жөніндегі қызметке қатысы барына нақты дәлелдер келтірілген компаниялар ғана енетінін ерекше және тағы да баса атап өткім келеді", - деді О ' Салливан.
Бұған дейін Еуроодақ Ресейге қарсы 16-санкциялаық пакеті әзірленіп жатқанын Bloomberg жазған еді. Оның аясында тағы 15 ресейлік банкті SWIFT жүйесінен өшіріп тастау қарастырылып отыр. Одан бөлек ресейлік алюминийдің импортына кезең-кезеңімен тыйым салу қарастырылуда. Мұнайды қымбат бағаға сатып жүрген Кремльге тиесілі "көлеңкелі флоттың" тағы 70 кемесін де қара тізімге енгізбекші. Bloomberg дереккөздерінің жазуынша, жаңа санкциялар пакеті күшіне ену үшін Еуроодақтың барлық елдері рұқсат беруі керек. Бірақ, әзірге Венгрия оған келіспей отырғаны аян.
Сондай-ақ О Саливан меңзеп отырған қай қазақстандық компания екенін де топшылауға болады. Өйткені бір күн бұрын шетелдік БАҚ бұл турасында жазып, арнайы зерттеу жариялаған. Оған сәйкес, бір қазақстандық компания Беларуське микросхемаларды өндірісінде қолданылатын тұз қышқылын жеткізген, ал ол кейіннен ресейлік қару-жарақта қолданылатын көрінеді. "Беларусь тергеу орталығы", тұз қышқылы қару-жарақ өндірісі саласында маңызды материал екенін атап өтеді.
"2021 жылы "Интеграл" (Беларусь) зауытына 99,999% тазалықтағы тұз қышқылын UrSeCo Handels GmbH & Co. KG неміс компаниясы жеткізген. Бірақ 2022 жылы санкциялар бұл химиялық заттың экспортына тыйым салғаннан кейін жаңа тасымал схемасы пайда болды. Тауарды Беларуське жеткізу үшін тасымалдаушылар алдымен Польша мен Түркия шығып, одан кейін Қазақстан айналған", делінген тергеуде.
Журналистер Қазақстанда тұз қышқылын қабылдап алушы — United Trading Group ЖШС атты жергілікті компания екенін жазады. Ал egov.kz-дағы деректер бойынша, бұл серіктестіктің құрылтайшысы Әлімжан Беков болып табылады. Компанияның "қызмет бағыты" бағанында былай делінген: қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментінің көтерме саудасы.
Естеріңізде болса, алдында тағы қазақстандық компаниялар санкция тізімінен төбе көрсеткенде сол кездегі ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров оларды "бір күндік компаниялар" деп атаған. Яғни, бір күнде ашылып, пайдаланылады да, содан кейін жоқ болып кетеді. Бұл да сондай бір компания болмасына ешкім кепілдік бермесі анық...