Қазақстанда жыл сайын 5 мыңнан астам жасөспірім қыз ана атанып жатыр – сенат

Қаракөз Амантай 30 қаң. 2025 14:14 524

Қазақстанда жыл сайын мыңдаған жасөспірім қыз ана атанып жатыр. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің мәлімдеуінше, 2023 жылы елде 5094 жасөспірім қыз босанып, бұл көрсеткіш жалпы туу санының 1,3%-ын құраған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Пандемия кезінде жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші күрт өскен еді. Алайда бұл көрсеткіш төрт жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр. Өткен жылы 5094 жасөспірімнің босанғаны тіркелді, бұл – жалпы туу санының 1,3%-ын құрайды”, – деді сенатор бейсенбі күні Сенаттың жалпы отырысында депутаттық сауал жолдау барысында.

Оның айтуынша, ауылдық жерлерде жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші қаламен салыстырғанда екі есе жоғары.

Сондай-ақ жасөспірім қыздарға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны артқан. Бұл да ерте жүктілікке әсер етуде. Алайда мұндай мәселелер қоғамда жиі жабулы қазан күйінде қалып жатады. Сенатордың пікірінше, бүгінгі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы алдағы 10-15 жылдағы туу көрсеткішіне және ел демографиясына тікелей ықпал етеді.

Нұртөре Жүсіп жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің өсу себептерін терең зерттеп, бұл бағыттағы мониторинг пен бақылауды күшейтуді, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша заңнаманың орындалуын қадағалауды, сондай-ақ ерте жүктіліктің салдары, жауапкершілік пен құқық туралы ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды жандандыруды ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар