Алматы полициясы жүргізушілерге екі ай бұрынғы айыппұлдардың келуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz zakon.kz-ке сілтеп.
Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 62-бабының талаптарына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі 2 айды құрайды.
Автоматты есепке алу жүйелерімен әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, айыппұлды төлеу қажеттігі туралы ұйғарым жіберілген кезден бастап іс қозғалған болып есептеледі.
Құқық бұзушылық туралы смс-хабарлама айыппұлды төлеу қажеттігі туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің "Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі" ақпараттық жүйесімен автоматты түрде жіберіледі.
Осылайша, құқық бұзушы тиісті түрде хабардар етілсе, айыппұлды төлеу туралы ұйғарым міндетті түрде орындалуға жатады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабының ережелеріне сәйкес, айыппұлды төлеу қажеттігі туралы ұйғарым тиісті түрде жеткізілген сәттен бастап, азамат жеті күннің ішінде, көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде төлеуге құқылы.
Әкімшілік айыппұлдың мөлшері әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезде қолданыста болған айлық есептік көрсеткішке сәйкес келеді.
Айыппұлды төлеу туралы ұйғарым бұзушылық тіркелген күннен бастап 10 күн ішінде көлік құралының иесіне белгіленген үлгідегі түбіртекпен жіберілетіні туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын айта кету керек.
Осы жағдайда кейбір азаматтар Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 822-бабының талаптарын қате түсіндіруде.