Әр баланың шотына 129,38 доллардан түсті. БЖЗҚ сайтынан тексеріп көріңіз!

Кәмшат Тілеухан 31 қаң. 2025 09:37 329

ҚР Ұлттық Банкі "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттарына кезекті жыл сайынғы қаржы аударылғанын хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.

"Бағдарлама аясында әр балаға 129,38 АҚШ доллары бөлінді. Барлық қатысушыға төленген жалпы сома 888,8 млн АҚШ долларды құрады. 2024 жылдың аяғында бағдарламаға қатысушы бала саны 6 921 035 болды", делінген Ұлттық Банктің хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясындағы алғашқы төлемдер 2024 жылы жүргізілген еді. Ол кезде әр балаға 100,52 АҚШ доллары бөлінген. Бұл қаражат – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 18 жасқа толмаған балаларға аударатын міндеттемесі.

Бағдарлама іске қосылған екі жыл ішінде әр балаға жалпы 232,94 АҚШ доллары жинақталды. 

Жыл сайынғы аударым мөлшері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтеріне және оның ұзақмерзімді инвестициялық табысына байланысты болады. Қаражаттың жартысы осы табыстан бөлінеді. Сонымен қатар, балалардың шотына аударылған қаражат Ұлттық қордың инвестициялық портфелінде сақталып, қосымша табыс әкеледі.

Балаңыздың шотын тексеру үшін kids.enpf.kz сайтына кіріп, туу туралы куәлігінде көрсетілген ЖСН-ды терсеңіз болғаны.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар