Әйелдерге мешітте намаз оқуға бола ма? ҚМДБ нүктесін қойды

Көркем Алдабергенова 31 қаң. 2025 11:04 496

ҚМДБ әйелдердің мешітте намаз оқуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz

ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, негізі әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуының оқасы жоқ. Бірақ үйінде оқығаны абзал.

"Ханафи мәзһабының ғалымдары фитнаға (бұзақылық) түсіп қалу қаупі болғандықтан жас әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуын мәкруһ санаған. Себебі Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үйле­рі олар үшін ме­шіт­ке ба­ру­дан да қайырлы», – деген. Ал жасы үлкен қарт әйелдердің таң және ақшам мен құптан намаздарында мешітке баруына болады.

Бұл имам Әбу Ханифаның көзқарасы. Өйткені ниеті бұзақылар бесін мен екінті намазында қаптап жүреді. Ақшам намазында кешкі асын ішумен әлек, таң намазы мен құптанда ұйқыда болады дейді. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі бойынша қарт әйелдер барлық парыз намаздарда мешітке бара алады", делінген мәлімдемеде.

Алайда мешітте әйелдерге арналған бөлек жер болса және ол жерге барар жол да көпшілікке көрінбейтіндей болса оқасы жоқ. Басты мақсат әйелдің абыройы мен қоғамда түрлі бүліктердің тууына жол бермеу дейді ҚМДБ өкілдері. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар