Теңгенің шегенделген бағамына көшуге не кедергі - Ұлттық банк басшысының жауабы

Кәмшат Тілеухан 05 жел. 2024 15:16 1014

ҚР Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов "теңгенің долларға шаққандағы шегенделген бағамын (нарық емес, Үкіметтің өзі белгілейтін бағамы) еліміздің қазіргі экономикалық жағдайында неге іске асырмасқа" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазақстанда 2015 жылға дейін болған шегенделген бағам біздің қазіргі экономикалық моделімізге сәйкес келмейді", деді Тимур Сүлейменов Сенаттың жалпы отырысында.

Ұлттық банк басшысы экономиканың мұнай табысына тәуелділігі мен оның бағамындағы ауытқу теңгерімсіздік жағдайын тудыратынын, сол себепті шегенделген бағамды қолдап, ұстап тұру үшін айтарлықтай шығын шығаруға тура келетінін айтады.

"2014-2015 жылдары біз осындай теңгерімсіздіктен қордаланған мәселемен бетпе-бет келдік. Сол кезде мемлекет курсты ұстап тұру үшін 30 миллиард доллардан астам қаражат жұмсады, бірақ ақырында одан да пайда болмады, теңге девальвацияға ұшырады. Сол кезде-ақ шегенделген бағам макроэкономикалық немесе нарықтық жағдайға сай келмейтінін мойындаған болатынбыз", - деді ол.

Сондай-ақ Тимур Сүлейменов шегенделген бағам бірқатар жағымсыз салдарға, соның ішінде экономиканы долларландыруға әкеліп соқтыратынын атап өтті.
"Валюта бағамы шегенделіп, бекітілгенде экономикадағы өзгерістерге қарамастан, осы бағамды мықтап ұстап тұру міндеті туындайды. Айналып келгенде, бұл адамдар мен компаниялардың өз жинақтарын теңгеде емес, долларда сақтауына түрткі болады. Нәтижесінде депозиттер мен кредиттер де доллардай есепке көшеді, экономика Үкіметтің немесе Ұлттық банктің шешімдеріне емес, долларға қарап бағдар ұстайды", - деп есептейді ол.
Ұлттық банк басшысы мұндай жағдайларда ірі компаниялар мен қаржы институттары ішкі экономикалық шешімдерге емес, АҚШ-тың ақша-кредит саясатына бағдар ете бастайтынын айтады.
 
"Сен өз валютаңды долларға байлап қойсаңыз, онда өзіндегі шешімдерге қарайлаудың не керегі бар, бәрібір доллар бағамын ұстануға міндетті болсаңыз",- деп нығырлай түсті шегенделген бағамның Қазақстанға керек жоқтығын түсіндірген ол.
Сүлейменов еркін жүзу кеңістігіндегі бағам кез келген экономиканың тұрақты моделі бола алатынын нақтылайды.
 
"Өзгермелі курс тоқты тұрақтандыратын автомат секілді. Солай әрекет етеді. Экономика өсімі болғанда бағам нығаяды, ал төлем балансы әлсіреген кезде бағам төмендейді. Осы жағынан алғанда, ағымдағы ақша бағамын қалыптастыру режимі біздің макроэкономикалық моделімізге сай және болашақта да оған арқа сүйей береміз деп ойлаймын", деп сөзін  түйіндеді  ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар