Теңге бағамының әлсіреуі инфляцияның күшею қаупін арттырады - сарапшылар

Кәмшат Тілеухан 30 қыр. 2025 11:59

Кеше ғана 1 АҚШ доллары 544, 26 теңгеден 548,79 теңгеге қымбаттап, үстіне бірден 4,34 теңге қосып алды. Ал ақша айырбас орындарында америкалық валюта, тіпті 550 теңгеден сатылып психологиялық шекті игерді. Валюта нарығындағы бүгінгі ахуал қандай? Оған сараптамалық орталықтардың "көзімен" қарап көрелік, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қор биржасындағы дүйсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысына сәйкес, USDKZT жұбы бойынша 1 АҚШ долларының орташа бағамы 548,77 теңгені (+4,32 теңге) құрады, сауда көлемі 286,6 млн доллар (-47,8 млн) болды. Ұлттық валютаның бұлайша әлсіреуі әлемдік нарықта мұнайдың арзандауы, сондай-ақ айдың аяғында импорттық келісімшарттар мен сыртқы борыштарына қатысты міндеттемелерін орындайтын отандық компаниялар тарапынан шетел валютасына деген сұраныстың дәстүрлі түрдегі артуы аясында орын алды. Айта кетелік,  теңгенің шамадан тыс әлсіреуі импорттық тауарлардың құнына теріс әсер етуі және инфляциялық процестердің артуына әкеліп соғуы мүмкін (ақша бағамының әлсіреуі тұтыныс бағасына өтуі әсерінен)", - дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы.

Ал BCC Invest сарапшылары қыркүйек айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция көлемі 12,7-12,9%-ға дейін қарқын алады деп санайды.

"Көктемде базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтеру әрі осы көлемнің жаз бойы сақталуы экономикамыздың кейбір сегменттерінде баяулау түріндегі әсерді танытты, ал қызметтер мен азық-түлік бағаларының өсімі инфляцияға түсетін қысымды үдетуді жалғастыруда. Осы жағынан алғанда, инфляцияны ауыздықтау мақсатының ауылы әлі алыс. Жағдайды шалт өзгерту үшін алдымен экономикалық жоғары күтулер көрсеткішін ауыздықтау керек. Сонда ғана айлық инфляция 0,4% деңгейінде тұрақтап, күзден кейінгі жылдық инфляция көрсеткішінің төмендеуіне жол аша алады", делінген BCC Invest болжамында.

Бұған дейін 2024 жылы банк секторында доллардан арылу процесі өз жалғастығын тапқанымен, оның қарқыны баяулағанын, мұның себебі күні кеше ҚР Ұлттық Банк жариялаған Қаржылық тұрақтылық туралы есепте егжей-тегжей айтылғанын жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар