Темір Сариев: «Қырғыздар тарихи таңдау жасайтын кездің алдында тұр»

Dalanews 22 там. 2017 05:44 867

Оңтүстіктегі көршіміз, үйектегі «демократия аралы» атағына ие бірден бір мемлекет – Қырғызстан қазанның 15 жұлдызында кезекті президент сайлауын өткізеді. Олар Тәуелсіздік тарихындағы 5-ші президентін сайлайды. Ақаев, Бакиев, Отынбаева, Атамбаев... Алғашқы төрт президенттің орнын күзде кім басуы мүмкін? Қазірге дейін Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясына 50-ден астам үміткер өтініш білдірген. Олардың көп бөлігі қырғыз тілінен емтихан тапсырып, сүрінбей өткені хабарланды. Қырғыз саясаттанушылары күздегі сайлауда негізгі текетірес үш кандидаттың арасында өтеді деп болжап отыр. Олар бұрынғы премьер-министрлер – Темір Сариев, Омурбек Бабанов және қазіргі қырғыз премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков.

Өткен айда біз қырғыз басылымдарына шолу жасай отырып, Қырғызстандағы сайлаудың маңызы және талас кімдердің арасында өтуі мүмкін екендігі туралы мақала жариялағанбыз. Мақсатымыз – көрші елдегі ең басты саяси оқиғаға бейжай қарамай, олардың бүгінгі ахуалына байланысты сараптама жасау болатын. Бұрынғы премьер-министр, "Ак Шумкар" партиясының атынан президенттікке ресми түрде кандидат боп тіркелген Темір Сариев газетімізге сұхбат беруге келіскесін, арнайы көрші елге барып қайттық. Біз сұхбат алуға уағдаласқан кешкі уақытта Қырғызстанға танымал мемлекет қайраткері, Атамбаевтың саяси қарсыласы Өмірбек Текебаев «жемқорлыққа байланысты» күдікпен 8 жылға сотталғанын естідік. Жылы жымиып, кішпейілдікпен амандасып, жөн сұрасқан соң Темір Сариевпен оңашадағы әңгімеміз осы оқиғадан өрбіді.

[caption id="attachment_29636" align="aligncenter" width="640"] Оппозиция серкесі, 8 жылға сотталған Омурбек Текебаев[/caption]

 

Текебаев үш президентпен де келісе алмады

 – Темір Аргембайұлы, танымал саясаткер Текебаев мырзаның 8 жылға сотталғанын қазір ғана естідік. Бұл оқиға Сізге қалай әсер етті?

– Текебаев мырза – еліміз үшін өте сыйлы азамат, белгілі саяси қайраткер. Ақаев пен Бакиевтің кезінде билікті қатты сынаған, Атамбаевпен де пікірі соңғы кездері келіспеді. Кезінде Президент Атамбаевпен жақсы қарым-қатынаста болды. Бірін-бірі қолдады. Елімізді қиын шақтан бірге құтқарды. Текебаев ұсталғанда біз өз пікірімізді ашық айтқанбыз. Әділ тергеу жүргізілуін талап еткенбіз. Көпшіліктің пікірі әрқилы. Тергеу де, сот та біржақтылы болды деп отыр. Бәрін алдағы уақыт көрсетеді...

– Текебаев өзін президенттік сайлауға ұсынатынын мәлімдеген соң оны әдейі қамап тастады деген пікір шындыққа жанасымды ма?

– Көптеген пікірлердің түйіні соған тіреледі. «Саяси ойынның құрбаны болды» деушілер көп. Текебаевты қолдаушылардың басым бөлігі оның ақ, адал екеніне сенім білдіріп отыр...

– Бейресми ақпарат көздерінен ұққанымыздай, Текебаевтың маңына топтасқан белгілі саясаткерлер алдағы сайлауда Сізді қолдауы мүмкін деп отыр. Бұл сөз рас па?

– Текебаев негізін қалаған «Атамекен» партиясы – елімізге кеңінен танымал, саяси орны мығым партияның бірі. Менің кандидатурамды қолдайды деген сөздің бары рас. Бірақ оны мен шешпеймін, сол партияның қайраткерлері шешеді. Әзірге нақты жауап айту қиын.

 

Сайлауға баю үшін қатысып жатқан жоқпын

 – Президенттік сайлауға үміткерлер саны өте көп екен. Бұл демократияның нышаны ма, әлде басқа да себептері бар ма?

– Қырғыз қоғамы саясиланған қоғамға айналды. Мұның пайдасы да, зияны да басым. Саяси белсенділік дейміз бе, әлде саясатты тым жеңіл түсінеміз бе, белгісіз. Әйткенмен, соңғы сайлауға санаулы адам баруы мүмкін. Президенттік сайлауға тіркелудің талаптары ауыр. Мемлекеттік тілден емтихан тапсырады, 1 миллион сом жарна төлейді және 30 мың адамның қолын жинайды. Бұл талапты бәрі бірдей орындай алмайды.

Саясаткерлер негізгі тартыс – менің және Өмірбек Бабанов пен Сооронбай Жээнбековтің арасында өтеді деп болжап отыр. Ел заңы бойынша бүгінгі Президент сайлауға қатыса алмайды.

Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек дер едім. Қырғыз халқы тарихи таңдау жасар сәттің алдында тұр. Отанымыз ары қарай даму үшін, экономикасы мен әлеуеті көтерілуі үшін, демократиялық құндылығын жетілдіру үшін, сыртқы және ішкі саясатты орнықты жүргізіп, Тәуелсіздікті нығайту үшін халық таңдауының маңызы айрықша зор.

Мен Президенттік сайлауға пайда табу, баю үшін қатысып жатқам жоқ. Еліміздегі көптеген түйткілді мәселелерді шешкім келеді. Қырғыз халқының тарихында қалуды мақсат тұтам. Өз отанын сүймейтіндер ел басқарғанда не боларын біздің халықтай түсінетін ел жоқ шығар деп ойлаймын...

[caption id="attachment_29638" align="aligncenter" width="640"] Темір Сариев пен Алмазбек Атамбаев[/caption]

 

Одаққа халқымыздың болашағы үшін мүше болдық

 – Еуразиялық экономикалық одаққа Сіз премьер-министр болып тұрған кезде мүше болдыңыздар. Бұл ұйымға кіруге не түрткі болды?

– Біз мемлекеттің болашағын ойладық. Біздің өндірген тауарымыз, шаруашылық өнімдеріміз, негізінен Ресей мен Қазақстан арқылы өзге елдерге шығады. Саудагерлереміз бен ірі бизнесмендеріміз осы елдер арқылы кәсібін одан ары жандандыра алады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болмасақ, онда бізге ауыр тиетінін зерттедік. Мен премьер-министр болмай тұрып, Экономика министрі қызметін атқарған тұста осы одаққа кіру комиссиясын тікелей қадағаладым. Келіссөз үш жылға созылды. Біз халқымызға, отанымызға барынша тиімді шарттарды қорғауға тырыстық.

– Одаққа мүше болғандарыңызға екі жыл толды. Нәтиже қалай?

– Аздаған қиыншылықтар болғанына қарамастан, өте жақсы дер едім. Биылғы жарты жылдық есеп бойынша Қырғызстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызды құрады. Еуразиялық экономикалық одақпен арадағы сауда айналымы 40 пайызға өскен. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.

– Қазақстан Еуразиялық одаққа мүше болар кезде халықтың кейбір тобы, белгілі саясаткерлер қарсы болды. Бірнеше мәрте шерулер, митинглер өтті. Қырғыз халқы одаққа мүше болуға қалай қарады?  

– Қазақстан үшін одаққа кіру ауыр жағдайда өткенінен хабарым бар. Негізі, бұл идеяны алғаш болып көтерген Президент Назарбаев қой... Еуразиялық одақ құрылар сәтте дүниежүзілік экономикалық дағдарыс басталды. Бұл дағдарыс Ресей мен Қазақстанға ауыр тиді. Соның да кесірі болған шығар.

Біз, жоғарыда айтқанымдай, бұл одақтың құрылымын, талап-шарттарын ұзақ зерттедік. Халқымызға да кеңінен түсіндірдік. Әрине, бұл одақсыз да Қытаймен, Өзбекстанмен, басқа да елдермен сауда-саттық, барыс-келіс жасап жаттық. Бірақ бізге бұл одақсыз алға басу мүмкін емес еді. 180 миллион халқы бар алып нарық көзінен сырт қалу – ең алдымен, қарапайым халқымыз, орта және шағын бизнес өкілдері үшін тиімсіз болар еді. Біз өз тауарымызды қайда сатамыз, арзан әрі сапалы шетел тауарларын қайдан аламыз? Осы сұрақты талқылай келе, одаққа мүше болуды құп көрдік.

Қарсылықтар, түсінбеушіліктер болмай қалған жоқ. Оларды шешу үшін бетпе-бет кезігіп, комиссия арқылы түсіндірдік.

 

Біз туысқан елміз

 – Қырғызстанға жуырда ғана Қазақстан 100 миллион доллар көлемінде грант берді. Ресей, Қытай, Батыс елдері де арнайы грант беріп, Сіздерді қолдап отыратынын білеміз. Сырттан инвестиция тартып, ірі кәсіпорындар ашу жағы қалай жүріп жатыр?

– Мен бізге үнемі қолдау көрсетіп отыратыны үшін Қазақстанға зор рахмет айтамын. Біз – бір туған елміз. Тіліміз де, діліміз де, дініміз де ұқсас. Тарихымыздың түбін қусақ, бір атадан тарағанбыз. Қазақстан бізге экономикалық, гуманитарлық көмек берумен қатар, мәдени-рухани байланысты да жүйелі жүргізіп келеді. Жыл сайын екі ел арасында мәдени іс-шаралар өтеді. Мұның бәрі екі елдің ынтымағын, бірлігін нығайту жолындағы игі істер деп ойлаймын. Біз бір-бірімізді сыртқа теппей, ішке тартсақ қана алға басамыз.

Қазақстанның белді кәсіпорындары, кәсіпкерлері елімізге инвестиция құю жағынан алдыңғы қатарда. Олар тау-кен өндірісі, ауыл-шаруашылығы, құрылыс саласы, туризм, цифрлық технология, жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істеп жатыр. Қырғызстанның салық жүйесі өте қолайлы. Ең төменгі салық мөлшерлемесі біздің елде. Жалақы да жоғары емес. Мұның өзі сырттан келетін инвесторларға тиімді.

Еуразиялық одаққа енген соң, бір жылдың ішінде шетелдерден 1 миллиард 600 миллион доллар инвестиция тартылды. Бұл – Қырғызстан тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Қазір Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Ресей, Иран және Батыс елдері инвестиция құюға мүдделілік танытып отыр. Себебі, бізде кәсіпорын, зауыт-фабрика ашса, өнімдерін Еуразиялық одаққа еркін саудалай алады. Сондықтан да, олар Қырғызстанға инвестиция құюға ынталы дер едім. Алдағы уақытта осы саланы мемлекеттің негізгі бағытына айналдырып, қырғыз халқының бақуаттылығын арттыруға тиістіміз.

 

Демократияны жалау етіп, экономикамызды күйреттік

 – Қазақстан, өзіңіз айтқандай, үнемі Қырғызстанға экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Бізде «Орталық Азиядағы көшбасшы елміз» деген сөзді билік өкілдері жиі айтады. Бұл сөз қаншалықты дұрыс? Президент Назарбаевтың жүргізген саясатын қалай бағалайсыз?

– Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасы ел дегенге ешкім қарсы болмас деп ойлаймын. Дамыған елдер тізімінде Қазақстан 42-орында тұр. Бұл – құрғақ цифр емес, жан-жақты өлшемдер бойынша шынайы бағалаудың нәтижесі.

Назарбаев – Орталық Азияға ғана емес, әлемге танымал ұлы саясаткер. Қазақстан әлемдік идеялар мен басқосулардың орталығына айналып үлгерді. Көптеген халықаралық шараларды өткізіп, өңірдегі көшбасшы ел екенін дәлелдеді. Мысалы, ЭКСПО көрмесін алайық. Мұндай көрмені өткізбек түгіл, соны өткізуге ұсыныс беруге көптеген елдердің дәті жетпейді. ЭКСПО-ға шетел басшылары, мықты саясаткерлер, ірі бизнесмендер келді. Олардың бәрі Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең дамыған мемлекетке келгенін, осы аймақтағы көшбасшы елге қарап, бой түзейтін мемлекеттің көп екенін жеткізді. Бұл – жай сөз емес. Біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі беделі болса, екіншіден, қазақ халқының жасампаздығының көрсеткіші. ЭКСПО арқылы Қазақстанға инвестиция тартылып, туризм саласы дами түсері анық. Сіздер бүгін үшін емес, болашақ үшін қадам жасап отырсыздар.

Астана салдыңыздар. Аз жылдың ішінде әлемдегі ең жаңа астана құрдыңыздар. Әлемдік бәсекеге қабілетті, барлық шарт-жағдаймен қамтылған университеттер, әлемнің маңдайалды өнер ордаларымен иық тіресетін театрлар ашылды. Темір жол мен халықаралық маңызы бар автожолдар салынды. Мұнайдан түскен ақшаны индустриялық бағытта пайдаланып, өндіріс ошақтарын дамытуды қолға алып отырсыздар. Мұның бәрі қазақ халқының және Президент Назарбаевтың жетістігі, қажырлы еңбегі деп бағалаған жөн.Өз басым Президент Назарбаевты қатты сыйлаймын.

Адам болғасын, оның бойында кемшілік те болады. Қоғамның бәрі бірдей ойлап, бірдей түс көруі мүмкін емес. Ондай жүйе – Кеңес одағымен бірге кетті. Назарбаев саясатын сынап, біз демократиялық құндылықтардан кеш қалдық деп күңіренетіндерді де түсінемін. Біз қайттық? Демократияны жалау етіп, экономикамызды күйреттік. Қантөгіс болды. Халық жапа шекті. Қай елге болса да, керегі – мәдениетті демократия. Тұрпайы демократиядан сақтану керек. Біздің халық соны енді-енді түсініп келеді...

– Сіздер парламенттік басқарудағы елсіздер. Президент Атамбаев осы жүйені қайта құрылымдауды, конституцияны өзгертуді қолайлы көрді. Оның бұл ұсынысы қарсылыққа да тап болды. Аздап өзгеріс енгізді де. Егер Сіз Президент болсаңыз, Парламенттік басқаруда қаласыздар ма?

– Біз міндетті түрде демократиялық құндылықтарды сақтаймыз әрі оны дамытамыз. Сөз бостандығы, ой бостандығы, сенім бостандығы, азаматтық құқық – бірінші орында тұрары сөзсіз.

Ал парламенттік басқару... Шынымды айтайын, ел билігі көптеген қайшылықтарға тап болып отыр. Саяси партиялар мен жоғарғы билік арасында нақтыланбаған, әлі де терең қарауды қажет ететін мәселелер жетерлік. Бұл жүйені жетілдіру, мүмкін өзгеріс енгізу керек шығар. Елдегі тыныштық пен бейбітшілікті, орнықтылықты сақтау үшін де саяси жүйенің ішкі ақауларын оңайтын, оны жүйелендіретін мезет келген секілді. Енді біздің билікке айғай-шу, аттанмен емес, нақты жұмыс істейтін адамдар келгенін қалар едім. Бірін бірі қаралау, жақ-жақ болып бөлініп, күнде құр сөзбен күн кешу бізге тиімсіз. Саясаттанған ел болсақ та, шын саясаттан әлі жырақ жүргендейміз...

– Әңгімеңізге рахмет. Сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар