«Таза Қазақстан» акциясы – халық үнін ескерген экологиялық бетбұрыс

Dalanews 14 мам. 2025 20:23 316

Экологияны жақсарту – бүгінгі күннің емес, ертеңнің қамы. Бұл – ұрпағымызға қалатын табиғаттың, ауа мен судың, жер мен орманның тағдыры. Қазақстанда соңғы жылдары қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамалар мен бағдарламалар қарқын ала бастады. Соның ішіндегі ең ауқымдысы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы. Жалпы, «экология» дегенде көпшіліктің ойына бірден сенбілік, ағаш егу немесе қоқыс жинау түсетіні рас. Негізі бұл дұрыс, бірақ оның ауқымы аздау. Экология – бұл ең алдымен сана. Демек, халықтың экосанасын жетілдіру - елдің келешегі үшін жасалатын кешенді әрі ұзақ мерзімді жұмыс.

Осы орайда «Таза Қазақстан» бағдарламасы - жай ғана экологиялық науқан емес, бұл – ел дамуының жаңа парадигмасы. Жоба аясында қалалар мен ауылдардың тазалығы, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, заңсыз қоқыс алаңдарын жою, экологиялық білім беру, жасыл инфрақұрылымды дамыту сияқты көптеген бағыт қамтылды. Бастама - ел ішіндегі мыңдаған белсенділер мен еріктілердің басын біріктіріп отыр. Мәселенің мән-жайын кеңірек білу үшін біз белгілі қоғам белсенділері – «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай және Алматы қаласы Наурызбай аудандық комьюнити-орталығының жетекшісі, волонтер Ермұхаммед Палмағанбетовпен сұхбаттастық.

– «Таза Қазақстан» бағдарламасы басқа экологиялық бастамалардан несімен ерекшеленеді?

Азаматхан Әміртай: Бұл бастаманың басты артықшылығы – оның Мемлекет басшысының тікелей бақылауымен жүзеге асуында. Яғни бұл жай экологиялық акция емес, бұл – елдің ресми саясаты. Соңғы кезде өңірлерді аралап жүрміз, халықтың экологияға деген көзқарасы өзгеріп келеді. Ағаш отырғызу, тазалық сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау өмір салтына айналып жатыр. Бұған әрине біз риза болып қалдық.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Бағдарлама ел азаматтарының барлығын дерлік қамтыды. Бұрынғы экобастамалар көбінесе шектеулі ауқымда өтетін болса, «Таза Қазақстан» бүкіл қоғамды қамтып отыр. Бұл - халықты біріктіретін үлкен күш.

– Ал енді осы бағдарламаның болашақтағы ұзақ мерзімді нәтижесі қандай болмақ?

Азаматхан Әміртай: Егер бұл бағыт тұрақты дамитын болса, оның нақты нәтижесін болашақ ұрпақ көреді. Себебі экология – бір күнде шешілетін мәселе емес. Бүгін басталған іс - ертеңгі күннің кепілі. Таза ауа, таза су – адамның ең басты байлығы. Бұл бастама – болашаққа деген сенім мен үміттің бейнесі.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Меніңше, уақыт өте келе халық экологиялық нормаларды қалыпты жағдай деп қабылдайтын деңгейге жетеді. Қоқысты сұрыптау, табиғатты қорғау, суды үнемдеу – бәрі де күнделікті әдетке айналуы керек. Біз осы мақсатқа ақырындап жақындап келеміз. Мысалы пакеттің орнына экосөмке қолдану, қоқысты сұраптап өткізу, айналаны таза ұстау, үкімет келіп жинап, тазалап берсін демей тұрғындардың өздері істей беруі сияқты жұмыстар әдетке айналады. 

– Осы тұста жергілікті билік пен халықтың экологиялық мәдениетіне қандай баға берер едіңіздер?

Азаматхан Әміртай: Ашық айтқанда, көп шенеунік тек тапсырма келгенде ғана іске кіріседі. Бірақ халықпен тікелей сөйлескен кезде көбінесе қарапайым азаматтардың шынайы жанашырлығын көреміз. Ал ірі өндіріс иелерінің қоршаған ортаға салғырт қарап отырғаны алаңдатады. Бұл – үлкен мәселе. Олар үшін заңның да, қоғамның да талабы күшеюі керек. Қоршаған ортаны ластаған өндіріс орындарына салатын айыппұл мөлшерін ұлғайту керек деп санаймын.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Жалпы алғанда жағдай орта деңгейден жоғары. Уақыт өткен сайын қазақстандықтар қоршаған орта бүлдірудің пайдасы жоқ екендігін түсініп келеді. Табиғатты құртсаң – өзің де құрисың дегенді қоғам түсініп келе жатыр. Белсенді азаматтар аз емес. Алайда бұл саланы әлі де өз міндеті ретінде қабылдамайтындар баршылық. Әкімдіктер тарапынан бақылау бар, бірақ жүйелілік жетіспейді.

– Бизнес пен Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) бұл іске қатысу деңгейі қандай?

Азаматхан Әміртай: Қазір бизнес саласында ESG, яғни экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару қағидаттарына бетбұрыс байқалады. Бұл жақсы үрдіс. Үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп түрлі жобалар жүргізіп жатырмыз. Алда климаттың өзгеруіне қатысты халықаралық саммит өткізу жоспарда тұр. Бұл да үлкен мүмкіндік.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Кейбір компаниялар тек көзбояушылық үшін ғана қатысады. Нағыз жүйелі қолдау көрсететіндер әлі де аздау. Бизнес пен ҮЕҰ экожобаларға белсенді араласуы қажет.

– Экологияны жақсарту үшін тағы не істеу керек?

Азаматхан Әміртай: Жасыл экономиканы дамыту қажет. Ол үшін заңнаманы жаңарту керек. Бизнесті ынталандыратын нақты тетіктер қажет. Қазір біз Су кодексі мен Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Экологиялық білім – балабақшадан бастап берілетін тәрбие болуы тиіс. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер арқылы жасыл жобаларды қолдау аса  маңызды деп білем.

– Сіздер жеке қандай экологиялық бастамаларға үлес қосып жүрсіздер?

Азаматхан Әміртай: Ағаш отырғызу, сенбіліктерге қатысу - менің күнделікті жұмысым. Сонымен қатар, қайта өңдеу жүйесін дамыту, экосалық пен стандарттарды енгізу бағытында жүйелі жұмыс істеп келеміз.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Мен де сенбіліктерге жиі қатысамын. Ағаш отырғызып, экохабтарды қолдауға тырысамын. Әлеуметтік желі арқылы адамдардың санасын оятуға күш салып жүрмін. Біздің комьюнити-ортьалыққа келушілер әртүрлі экологиялық жаңалықтармен таныса алады. Мәселен, тағам қалдықтарынан жасалған биологиялық тыңайтқыштар ұсынылған. Бұл – қалдықты қайта өңдеудің нақты мысалы. Сондай-ақ кейбір отандық өнертапқыштар тұрмысқа қажетті экологиялық химия өнімдерін жасап шығарған. Бір кәсіпкер тіпті жануарлар мен өсімдіктерге арналған табиғи, зиянсыз тыңайтқыш өндірісін қолға алып отыр. Мұндай тың әрі пайдалы жаңалықтармен Eco Hab арқылы танысуға болады. Сонымен қатар, қаланың барлық комьюнити орталықтарында экологиялық тақырыптағы «Қоқыс», «Он бірінші сағат» және «Жер тоқтаған күн» атты танымдық фильмдер көрсетілуде. Бұл фильмдер экология мәселелерін көркем тілмен жеткізіп, адам мен табиғат арасындағы байланысты ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.

– Пластик пен электрондық қалдықтар бар, осы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Азаматхан Әміртай: Бұл - жаһандық деңгейдегі проблема. Қазақстанда утильалым жүйесі толық жұмыс істемей жатыр. Партиямыз осы бағытта нақты жобалар ұсынып отыр. Бұрын бұл салада монополия болған. Қазір ашықтық орнап келеді. Бірақ инфрақұрылым мен заңнамалық негіз әлі де әлсіз. Дегенмен, ең басты мәселе – инфрақұрылым ғана емес, сананы өзгерту. Адамдар бұл жүйені тек көріп қана қоймай, түсініп, қолдануға үйренуі тиіс. Қоқысты дұрыс тастау, сұрыптап үйрену – бұл жай ғана ережеге бағыну емес, табиғатқа жанашырлық танытудың нақты жолы.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Қоқыс жәшіктері мен арнайы экохабтар саны артып келеді. Қалалар мен аудандарда қоқыс жәшіктерінің жаңа түрлері, яғни пластик, қағаз, шыны сияқты қалдықтарды жеке-жеке сұрыптауға арналған арнайы контейнерлер орнатылып жатыр. Сонымен қатар, көптеген жерде экохабтар – яғни, қалдықты қабылдап, оны қайта өңдеуге жіберетін арнайы орындар ашыла бастады. Жастар пластик қалдықтарды сұрыптап тапсыруға үйреніп келеді. Комьюнити-орталықтарда арнайы фондоматтар орнатылып, ынталандыру тетіктері енгізілуде. Осының бәрі көңіл қуантады. Ендігі жұмыс халықтың барлығын жас-кәрісін осы жүйеге бейімдеу керек.  Қоқыс – тек қоқыс емес. Ол – екінші мүмкіндік екенін халық түсініп келеді.

– Қолданыстағы заңдар жеткілікті ме? Әлде өзгерістер қажет пе?

Азаматхан Әміртай: Экологиялық кодекс бар, бірақ ол тиісті деңгейде орындалып жатқан жоқ. Бірқатар баптар өзара қайшы келеді. Бізге нақты әрі нәтиже беретін құқықтық өзгерістер қажет.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Заңнан бұрын сана қажет. Әр адам экологияны өзінен бастауы керек.

– Адамдарды көгалдандыруға тарту үшін не істеу керек?

Азаматхан Әміртай: Қызығушылық болса, пайда түсетін жағы болса тіпті жақсы. Мысалы, көміртегі квотасын сату арқылы ағаш отырғызған адам табыс тапса – бұл үлкен ынталандыру болып саналады.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Марапаттар, бонустар, жарыстар - бәрі тиімді. Балалар мен жастарды осы іске тарту өте маңызды.

– Бүгінгі экологиялық саясаттың әлсіз тұстары қандай?

Азаматхан Әміртай: Министрлік көбіне формалды жұмыс істейді. Ірі ластаушы компанияларға нақты шара қолданылмай жатыр. Біз бұл мәселелер бойынша Парламентке ұсыныстар жолдап жатырмыз.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Меніңше, жүйелілік пен бақылау жетіспейді. Нақты нәтиже үшін тұрақты механизмдер қажет.

– Қорытынды ойларыңыз?

Азаматхан Әміртай: «Таза Қазақстан» – жаңа экологиялық ойлау жүйесінің бастамасы. Бұл жай қағаз жүзіндегі әңгіме болып қалмауы керек. Егер заң, қаржы, қоғам үштағаны үйлесе алса – еліміз жасыл экономика саласында көшбасшы бола алады.

Ермұхаммед Палмағанбетов: Бұл – болашақ үшін жасалып жатқан маңызды жұмыс. Егер Таза Қазақстан сынды бағдарламалар дамып, тұрақты қозғалысқа айналса, болашақ ұрпағымыз сапалы өмір сүру мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетелік, сұхбат барысында байқағанымыз – «Таза Қазақстан» тек экологиялық бағдарлама ғана емес, бұл – ұлттық сана мен болашаққа деген жауапкершілік. Бұл жолда әрбір азаматтың үлесі маңызды. Экология – бәрімізге ортақ үй. Оны таза ұстау - тек шенеуніктің немесе белсендінің емес, баршамыздың міндетіміз.

Сұхбаттасқан Меруерт Райым


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар