Таяу Шығыстағы шиеленіс теңгені әлсіретіп, доллар бағамын күшейтті

Кәмшат Тілеухан 03 қаз. 2024 13:16 1995

Таяу Шығыстағы шиеленіс теңгені әлсіретіп, доллар бағамын күшейтті. Ал инвесторлар "Иранның зымыран соққысына Израиль жауап қайырады" деп долбарлап, абыр-сабыр, деп жазады Dalanews.kz.

Бұл деректер 3 қазанда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының әлемдік нарықтарға жасаған шолуында қамтылған. Сонымен:

АҚШ доллар бағамы

Таяу Шығыста геосаяси жағдай шиеленісе түскен сәтте әлемдік нарықтардағы бағалар айтарлықтай өсті. Сәрсенбіде қор биржасындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша бір доллар құны  483,21 теңгені (+2,86 теңге) құрады. Дегенмен шетелдік валюта сауда-саттығының көлемі өскен күйінде қалып отыр: 250,9 млн доллар (-3,8 млн).

Демек, "Таяу Шығыстағы шиеленіс одан әрі өршиді" деген болжамға сүйенген бірқатар ойыншылар долларды көптеп сатып алған болу мүмкін. Доллар индексі сейсенбіде 0,41% - ға өссе, сәрсенбіде тағы 0,48% - ға өскені бұған дәлел бола алса керек. Яғни, доллар бағамының өсімі жаһандық сипатқа ие.

Ақша нарығы

Сәрсенбіде ақша нарығының ставкалары ұлттық валюта бағамының құбылмалы болуына байланысты өсті: TONIA - 13,28%-ға (+5 б.п.), ал SWAP-1D 8,65%-ға (+81 б.п.) дейін өсті. Оның үстіне сауда-саттық көлемі сейсенбі күнгі көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өскені байқалады: 750,0 млрд теңге (+103 млрд). Дегенмен, Ұлттық Банк депозиттік аукцион арқылы қысқа мерзімді өтімділіктегі ақшадан 410 млрд теңгені алып қойды (сұраныстың 100%, жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 14,25% - бен).  

Қор нарығы

Сәрсенбідегі сауда-саттық қорытындысы бойынша KASE индексі 0,57% -ға төмендеп, 5 088,5 пунктке барып тұрақтады. Сәрсенбіде KASE және Nasdaq-та Kaspi-дің акцияларының құны төмендеді (-4,8%).

Батыс алаңда, керісінше финтехкомпаниялардың бағалы қағаздары сәрсенбіде 4,6%-ға өсті, бұл оның бүгін жергілікті биржаларда сатып алына басталанын байқатса керек. Нарықтағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде, мәселен, биылғы қазан айынан бастап Freedom Holding акциялары AIXQI индексінің құрылымына кіріктіріліп, бүкіл индекстің 15% құрағанын айтуға болады.

Сонымен қатар, бүгін AIX-те ҚР Қаржы министрлігінің 10 жылдық еуробондтары орналастырылды: еуробондтардың жалпы көлемі 1,5 млрд доллар, индикативтік купондық сыйақы мөлшерлемесі - 4,87% (AIX және LSE-ден таба аласыздар). Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 14 қазанында ҚР Қаржы министрлігі 2014 жылы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3,875 %-бен тартқан еурооблигацияларды өтеуі тиіс.

Мұнай

Сәрсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша Brent мұнайының бір баррелінің бағасы Таяу Шығыстағы қақтығыстың одан әрі өршу ықтималдығы аясында 74,7 долларға (+0,3%) дейін өсті. БАҚ-тардың хабарлауынша, Израиль мен АҚШ Иранның зымыран соққыларына жауап беру мүмкіндігін талқылауда. Сонымен қатар, ОПЕК+ кешегі кездесуде желтоқсан айында өндірісті ұлғайту бойынша бұрын қабылданған шешімдерге сүйенетінін растады.

Тәуекелді активтер

Сәрсенбідегі инвесторлар белсенділігі байқалмады. Олардың әліптің артын бағуды жөн көрген. Яғни, олар "Таяу Шығыстағы қақтығыс одан ары қалай өрбиді, АҚШ-тың еңбек нарығы бойынша қыркүйек айындағы макростатистика көрсеткіштері қандай болады" деген сұрақтарға жауап күтуде. Нәтижесінде АҚШ-тың негізгі қор индекстерінде динамика байқалмады.   


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар