Іс-шараны аша отырып, жиналғандарға Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген сөз сөйледі.
– Тарих беттерін парақтай отырып, біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттіліктің қалыптасуына қосқан елеулі үлесін айқындай отырып, Қазақстанның жүріп өткен дара жолын көріп отырмыз. Тұңғыш Президенттің бастамалары бойынша жаңа қазақстандық қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық салаларын реформалау басталды. Мемлекет басшысы өз Жарлықтарымен ел мен қоғамды жаңғыртуға жол ашқан заңдарды өмірге әкелді. Біздің жастар мұны әрдайым түсініп, есте ұстауы керек, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, сондай-ақ республикадағы алғашқы облыстық Қазақстан халқы достық үйінің негізін қалаушылардың бірі Лео Шик Тұңғыш Президенттің жас мемлекетті құрудағы маңызды рөлін атап өтіп, тарихи маңызды оқиғаларға шолу жасады. Сонымен қатар, Лео Богданович Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық ұлттық-мәдени орталықтарды біртұтас ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясына біріктіру туралы идеясы тарихи шешім болып табылатынын атап өтті.
– Біздің Президент қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісімнің негізіне айналған тиімді ұлттық саясатты жүргізді. Егемендіктің басынан бастап Қазақстанның барлық диаспоралары үшін ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамыту үшін тең мүмкіндіктер жасалды. Бүкіл әлемде этносаралық келісімнің бірегей қазақстандық моделінің бар екендігі туралы айтыла бастады. 1995 жылғы 1 наурызда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша республикадағы ұлтаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты реттеуге және қолдауға арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы» бірегей қоғамдық институты құрылды, – деді Лео Шик.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Алтайтану» ҒЗО бас ғылыми қызметкері Элеонора Столярова Қазақстандағы этносаралық қатынастар бойынша әлеуметтік мемлекеттің қалыптасу факторы туралы баяндама жасады.
– Бүгінде біздің сөзсіз байлығымыз ретінде қабылдайтын Қазақстанның полиэтностығын сол кезде көптеген шетелдік сарапшылар мемлекет пен қоғамға өзінің бірлігін сақтауға мүмкіндік бермейтін жарылу қаупі бар фактор ретінде қарастырған. Елбасының парадигмасы, негізгі құндылық ретінде қаланған ұлтаралық қатынастар саясаты осы ресурсты әлеуетті-тәуекелді бүгінгі капиталымыздың маңызды аспектілерінің біріне айналдыруға мүмкіндік берді, – дейді Элеонора Столярова.
Сонымен қатар, Amanzholov University сеньор-дәріскері Айгүл Жиренова жас ұрпаққа Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жауып, ядролық сынақтардан бас тартып, әлемге өзінің ізгі ниетін қалай көрсеткені туралы тоқталды.
– Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өз дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Өзінің бітімгершілік қызметі мен өңірлік қауіпсіздікті нығайту жөніндегі жаһандық бастамаларының арқасында еліміз елеулі саяси салмақ пен халықаралық беделге ие болды. ҚР Тұңғыш Президенті көптеген бағыттарда шешуші рөл атқарды. Елбасының алғашқы және басты бастамаларының бірі Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы болды. Қазақстан 1991 жылы ядролық сынақтардан бас тартып, Семей сынақ полигонын жауып, әлемге өзінің ізгі ниетін көрнекі түрде көрсетті. Ядролық клубтан өз еркімен шығу елдің тиімді қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикасына жаппай инвестиция тартуға мүмкіндік берді, – деді Айгүл Жиренова.
Айта кету керек, дөңгелек үстел барысында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Amanzholov University дарынды студенттерінің шығармалары жинақталған «Ұшқыннан жалын лаулайды» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Жас ақындар арасында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенті Айтолқын Болатқызы да бар. Жаңа туындының 115-бетінде оның "Абай атама арнау", "Карантин" сияқты бірнеше өлеңдері кірді.
Сондай-ақ, ректор Amanzholov University тарапынан Айтолқынға Абай атындағы арнайы стипендия тағайындалғанын, сондай-ақ ол облыс әкімі грантының иегері екенін атап өтті.
Айта кетейік, Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген Айтолқын Болатқызына, сондай - ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жекпе-жектен жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем кубогінде жеңімпаз атанған "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығының 3 курс студенті Жарас Төкеновке және "Кәсіптік оқыту" мамандығының 4 курс студенті Түсіген Құрбанбекке 20 мың теңгеден сертификаттар табыс етті.