Облыста мүлде жаңа сипаттағы, технологиялық серпіліс әкелетін жобаның бірі – тантал мен ниобийден медициналық имплантат жасау. Бүгінде бұл жобаны Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс тобы әзірлеуде.
Өткен жылы облыста екі миллиард теңгенің сегіз жобасы бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс жүргізілді.
Облыста мырыш өндірісін жаңғыртуға маңыз беріліп отыр. Сол арқылы өңірдегі жұтаң кен қазбаларынан бағалы компоненттер шығаруды арттырып, кеннің әрбір мың тоннасынан 600 мың АҚШ доллары мөлшерінде табыс табуды қамтамасыз етед. «Пирометаллургиялық тәсілмен қорғасын мен мырыш өндірісін алу» жобасы арқылы өнеркәсіптегі энергияның жұмсалуын 4-8 пайызға дейін азайтуға болады. Ал «Тау-кен байыту өндірісінде ұнтақтау инновациялық технологиясын енгізу» бойынша жұмыстар өндірістің өзіндік құнын 1,5-2 азайтуға мүмкіндік береді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың барлық саласында тұрақтылықты сақтап, халықтың әл-ауқатын көтеруді тапсырған болатын. Бұдан бөлек Президент биылғы Жолдауында әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін Қазақ елі атқаруға тиісті 10 міндетті нақтылап берді. Жалпы, біздің облыста Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттер жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – облыстағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс тобының әзірлеп жатқан жобасы, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.