"Қалам тербесем деп көптен бері ойланып жүргенмін. Мемлекеттік қолдау ақшаға ие болған екінші деңгейлі банктер турасы хақында. Өйткені бұл туралы әркім әрқалай жазып, әрқайсысы оны өзінше түсініп жүр. Шынтуайтында, екінші деңгейлі банктерге кезінде мемлекет көөөөөпппп көмек көрсетті". Бұл маңдағы жасырын цифрлар туралы шынайы ақпарат ұсынған қаржыгер Ғалым Құсайыновтың желідегі жазбасы осылай басталады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шартты түрде берілген көмек ақшаны үш категорияға бөліп қарастыруға болады:
- Тікелей мемлекеттік көмек
Бұл мемлекеттің банктерге Ұлттық Банк немесе квазимемлекеттік компаниялар арқылы беріліп, ары қарай қайта бағалау арқылы банктерге едеуір пайда әкелген ақша.
- Проблемалық кредиттер қорының (ПКҚ) проблемалық активтерді сатып алуы
Бұл жағдайда пайда ПКҚ активтерді номиналды құны бойынша сатып алу есебінен пайда болды, ал олардың нақты құны айтарлықтай төмен еді және резервтерді есептеу арқылы банктердің баланстарында көрініс тапты. Резервтерді тарату қосымша пайда әкелді және капиталды ұлғайтты.
Мәселен, проблемалық активті банк 1 млрд теңге деп көрсетті, ал оның нарықтық құны шынтуайтында 200 млн теңге болатын. Бірақ банк 800 млн теңгеге резерв құрды немесе аудиторларды оның 1 млрд теңге тұратындығына сендірді. Мемлекет мұндай активті 1 млрд теңгеге сатып алды, ал банк 800 млн теңге мөлшерінде пайданы иеленді. Мұндай операциялар арқылы банктердің қанша пайда тапқанын бағалау қиын, бірақ менің ойымша, номиналды құнның кем дегенде 70%-ы болуы керек.
- Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жанама қолдау, негізінен жеке тұлғалар үшін
Бұған валюталық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы, ХӘОТ несиелерін қайта қаржыландыру, тұтынушылық несиелерді 300 мың теңгеге дейін есептен шығару және т.б. жатқызуға болады. Бұл жағдайда банктер несиелік портфельдердің сапасын жақсартты, өйткені проблемалық қарыз алушылар қайта қаржыландыру немесе есептен шығару арқылы қарыз көлемін азайтты, ал банктер проблемалық несиелерді қысқартты және қосымша резервтерді таратуы немесе жасамауы мүмкін.
Егер барлық мемлекеттік көмек бағдарламалары цифрландырылса, сома өте үлкен болады. Сондықтан барлығын жіліктеп, бөлек қарастырайық. Алдымен тікелей көмекті назарға алайық: мемлекеттік көмек ақша қалай есептелді және оны бүгіндері мерзімінен бұрын қайтару қалыпты жағдай деп саналады?
Ресми түрде Ұлттық банктің еншілесі "Қазақстанның орнықтылық қоры" арқылы жалпы сомасы 700 млрд теңге болатын бағдарламаға жеті банк қатысты (Bank RBK — 240 млрд, Еуразиялық Банк — 150 млрд, АТФ және Цеснабанк — 100 млрд, ЦентрКредит Банкі — 60 млрд және Нұрбанк — 47 млрд). Бұған Халық банкке сатылмай тұрғанда мемлекеттік қағаздар тетігі арқылы 1 трлн теңге және Проблемалық несиелер қорынан 250 млрд теңгенің депозиті арқылы жиынтығында 1 250 млрд теңгеге арзан қорландыруға қол жеткізген Қазкоммерцбанкке берілген көмек ақшаны да қосу керек. Оның өзінде Қазкоммерцбанк пен Цеснабанктен Проблемалық несиелер қоры мәміле алдында проблемалық активтерді сатып алғанын есептемегенде (бұл туралы бөлек айтамын).
Сондай-ақ, Цеснабанк квазимемлекеттік сектордан арзан депозиттер алды, ал Bank RBK ДСФК (арнайы қаржы компаниясы) арқылы өз міндеттемелерін квазимемлекеттік сектор 15 жылға төмен мөлшерлемемен шамамен 335 млрд теңгеге сатып алған облигацияларға ауыстырды.
Номиналды сомалар айтарлықтай көп, бірақ нақты мемлекеттік көмек банктердің арзан қорландырудан алған пайдасының мөлшерімен ғана есептеледі. Мәселен, қайта бағалауға жататын қорландырудың жалпы көлемі 0,7 трлн теңгені құрады делік. 2017 жылы осы жағдайлар болып жатқанда базалық мөлшерлеме 11% шамасында болды, ал банктер мемлекеттен алған көмек ақшаның барлығын жылдық 14% шамасымен қайта бағалады. Бұл әр банкке көмек ақшаның номиналды құнынан шамамен 60% пайда әкелді. Қарадүрсін есеппен алсақ, 0,7 триллион теңгеден банктер капиталын бір демде ұлғайтып, 420 млрд теңге пайда тапты.
Іс жүзінде қайта бағалау есебі келесідей: мемлекеттік көмек 15 жылға жылдық сыйақы мөлшермесі 4%-бен берілді. Егер банктер нарықтық мөлшерлемемен қарыз алса, бұл арадағы жылдық мөлшерлеме 14% болар еді. 10% айырмашылық — бұл ықтимал пайда. Халықаралық қаржылық есеп стандарттары (ХҚЕС) бойынша бірден оны 15 жылға шағып жіберсеңіз, қанша пайда болғанын көруге болады. Бірақ, сонымен бірге болашақ кірістерді дисконттау қажет, ал қарыз баланста номинал бойынша емес, әділ құны бойынша көрсетіледі. Былайша айтқанда, баланста 420 миллиард пайда және жылдық 14%-бен мөлшерлемемен 280 миллиард теңге қарыз болады.
Бұдан кейінгісі тіпті қызық: 2022 жылы базалық мөлшерлеме 16%-ға дейін өсті, ал нарықта осы типтегі қорландырудың жылдық мөлшерлемесі 18%-ға жуық болар еді. Бірақ банктер 4%-бен қарызды төлеуді жалғастыруда және жыл сайын қосымша 4% пайда табуда (18-14%). 280 млрд теңге қарыздың үш жылы ≈34 млрд теңге, ал қалған 10 жыл ішінде — номиналда тағы 112 млрд теңге (дисконттауды есепке алмағанда).
Осылайша, банктер ставкалардың өсмінен де қосымша пайда табуда.
"Бірақ бұл реттеуші орган ставкаларын шектеген ағымдағы шоттар мен валюталық депозиттер арқылы банктердің алатын пайдасымен салыстырғанда түк болмай қалады. Банктер шамамен 7 трлн теңгені нөлдік пайызбен ұстайды және 2019 жылдан бастап одан шамамен 3,5 трлн теңге табыс тапты, бұл кез келген мемлекеттік көмек көлемінен едәуір асып түседі. Әрі осы табыс көзі әлі жұмыс істеп жатыр, өйткені реттеуші органның бұл теңгерімсіздіктерді жоюға деген ынтасы түк байқалмайды",деп жазады Ғалым Құсайынов өзінің Telegram арнасында.
Айта кетсек, 2025 жылғы 11 тамызда Банк ЦентрКредит (БЦК) Қазақстанның банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында мемлекеттен алынған 30 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтарғаны хабарланған. Сондай-ақ сайтымызда "Ұлттық Банктің банктер үшін МРТ көлемін арттырудың артында не тұрғаны белгілі болды" деген мақала жарияланған болатын.