Астана қаласында секундына 10 Гбит/с дейінгі (10G) сымдық интернетті сынауға арналған пилоттық жоба іске қосылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Іс-шараға қала әкімі орынбасары Евгений Глотов, мемлекеттік органдар өкілдері және жобаның технологиялық серіктестері қатысты.
Жоба Huawei Technologies Kazakhstan пен «Астана Innovations» АҚ арасында цифрлық шешімдер мен телекоммуникациялық инфрақұрылымды бірлесіп дамыту туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда. Бастаманы Астана әкімдігі қолдап, технологиялық серіктес ретінде Beeline компаниясы атсалысуда.
Көрсетілім алаңының инфрақұрылымдық серіктесі ретінде Forte компаниясы қызмет етеді.
Таныстыру барысында қатысушыларға 10G PON технологиясының ерекшеліктері мен артықшылықтары таныстырылып, жаңа буындағы оптикалық терминалдар, заманауи OLT және Wi-Fi 7 стандарты көрсетілді. Демонстрациялық аймақта қонақтар интернетті жеке сынап, қосылу жылдамдығын өлшеп, сервистердің тұрақтылығын бағалай алды. Желілік сынақтар 9490 Мбит/с дейінгі жүктеу және жүктеп салу жылдамдығын көрсетті, бұл ресурсты қажет ететін сервистердің, 8K бейнеден бұлттық ойынға дейін, тұрақты жұмыс істеуі үшін жеткілікті.
«Астанада 10G технологиясын іске қосу – жаңа буын цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыруға стратегиялық қадам. Біз үшін инновациялардың сынақтан практикалық қолдануға тез ауысуы және қала тұрғындары мен бизнестерге нақты пайда әкелуі маңызды. Бұл жоба Астанада заманауи сервистерді енгізудің негізі болады деп сенемін, олар қаланың инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтереді», — деді «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.
«Huawei әзірлеген 10G PON технологиясының елімізде алғаш рет ашық жобаның аясында қолжетімді болуы біз үшін мақтаныш. Супержоғары жылдамдықты сымдық интернет қалалық ортада цифрландыруды, бизнестің, білім беру мен денсаулық сақтаудың дамуын жаңа деңгейге көтереді.
Серіктестерімізге сенім білдіргендері үшін алғысымызды айтамыз және бұл жоба еліміз бойынша озық цифрлық шешімдерді масштабтаудың негізі болады деп сенеміз», — деді Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының бас директоры Сун Ясюй.
«Цифрлық оператор ретінде біздің басты мақсатымыз – ең озық технологияларды пайдалана отырып, клиенттерге үздік тәжірибе ұсыну. Мұндай маңызды шарада технологиялық серіктес болып қатысқаныма қуаныштымыз, бұл еліміздің цифрлық экожүйесінде жаңа кезеңнің бастауы. Beeline тесттің мүмкіндігінше тезірек күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуына күш салатын болады», — деді CEO Enterprise CO Beeline Рауан Кадбрахимов.
Пилоттық жобаға қала тұрғындары 2025 жылдың 19 қыркүйегіне дейін қатыса алады. 10G интернетті сынау Достық к-сі, 8/1 мекенжайы бойынша Forte коворкингінде дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 10G PON – бұл секундына 10 гигабит жылдамдыққа дейінгі сымдық интернет. 4G және 5G ұялы байланыс стандарттарынан айырмашылығы, «10» саны технологияның буынын емес, деректерді тасымалдау жылдамдығын білдіреді.