Астанадан Стамбулға бағыт алған TK8805 рейсінің жолаушылары ұшақтың мәжбүрлі түрде Ақтау қаласына қонғанына шағымданды. Олардың айтуынша, әуе кемесі борттағы дәретханалардың істен шығуына байланысты Ақтауға бұрылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған рейс Air Astana әуе компаниясы тарапынан Turkish Airlines-пен бірлесіп орындалған. Жолаушылар бұл жағдай туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы хабарлаған.
Айта кетейік, бұған дейін де осындай жағдайлар тіркелген. Бұрын Air Astana әуе компаниясының Сеулден Астанаға бет алған ұшағы Пекин қаласына дәретханалардың бітелуіне байланысты қонуға мәжбүр болған. Сондай-ақ, жыл соңында Фукуокадан Алматыға ұшқан әуе кемесі де дәл осы себеппен межелі жеріне уақытында жете алмаған еді.
Әуе компаниялары тарапынан әзірге бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ.
