Блогер Қайсар Қамзаға ел аумағында іздеу жарияланды

Dalanews 11 қаң. 2026 22:45

Қазақстанда танымал блогер Қайсар Қамзаға ресми түрде іздеу жарияланды. Бұл туралы құқық қорғау органдарының деректерінде ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ашық ақпарат көздеріне сәйкес, блогерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты оның нақты қай жерде жүргені анықталмағандықтан, уәкілетті органдар іздеу шараларын бастаған.

Іздеу ісі Астана қаласында тіркелген, ал тергеуді Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің экономикалық тергеу органдары жүргізіп отыр.

Қайсар Қамза әлеуметтік желілер арқылы кеңінен танылған. Ол бұған дейін жарнамалық жобалар мен онлайн белсенділігі арқылы көпшілікке белгілі болған. Құзырлы органдар әзірге істің нақты мән-жайын, сондай-ақ қандай бап бойынша тергеу жүріп жатқанын жария еткен жоқ.

Еске салайық, блогердің Instagram желісінде 2,4 миллион жазылушысы бар. 2025 жылы Туризм және спорт министрлігі Қайсар Қамзаны заңсыз онлайн ұтыс ойындарын өткізген тұлғалар тізіміне енгізген. Сол кезде оған 1 179 600 теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда бұл жайттың қазіргі іздеу ісімен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Қосымша ақпарат ресми дереккөздерден нақтыланған соң хабарланатын болады.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар