Әуедегі жемқорлық: Air Astana және Fly Arystan ісіне тексеріс басталды

Самал Асқар 10 қаң. 2026 12:39

Әлеуметтік желілерде тараған жемқорлық сипатындағы мәліметтерден кейін Бас көлік прокуратурасы Air Astana және оның құрылымы Fly Arystan әуекомпанияларының қызметіне тексеріс бастауды қолға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Прокуратураның мәліметінше, жарияланған материалдарда жеңілдетілген авиабилеттерді компания басшылығының нұсқауымен топ-менеджменттің туыстарына және өзге де «арнайы адамдарға» беру деректері айтылған. Осыған байланысты Азаматтық авиация комитетіне екі әуекомпанияның қызметін тексеру туралы талап жолданған.

Жанжал Fly Arystan-ның бұрынғы топ-менеджері Ренат Абулхановтың атынан жарияланған жазбалардан кейін өршіді. Онда «блат» жүйесі арқылы Air Astana басшылығының өкілдері мен олардың жақындарына ең төменгі тарифпен билеттер рәсімделгені айтылған. Атап айтқанда, авиакомпания президенті Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостерге, оның әпкесі мен анасына жеңілдетілген билеттер берілгені көрсетіледі.

Материалдарда WhatsApp хат алмасулары да келтірілген. Онда қызметкерлер «қажетті адамдарға» ең арзан тарифпен орын ашуды сұрайды. Хабарламаларда кімге «болады», кімге «болмайды» деген талқылаулар бар. Бұл тәжірибенің бір қызметкердің бастамасы емес, жүйелі ішкі механизм болғанын меңзейді.

Абулхановтың айтуынша, ол Air Astana-ның IPO-ға дайындық кезеңінде компания басшылығына "ыңғайсыз" адамға айналған. Оның сөзінше, одан табысты әдейі асыра көрсетуді талап еткен, алайда ол инвесторларды адастырмау үшін бұған келіспеген. Осыдан кейін ол еш түсіндірмесіз жұмыстан шеттетілген.

Сонымен қатар, Ernst & Young есебінде билеттермен күмәнді операциялар жасаған ондаған аккаунт көрсетілгенімен, қылмыстық жауапкершілікке іс жүзінде тек Абулханов тартылғаны айтылып отыр. Ал Air Astana айыпталушының ғана емес, оның жұбайы мен анасының да мүлкін тәркілеуді талап етіп отыр.

Осы жағдай аясында редакция тиісті органдарға сұрау жолдаған. Әзірге ресми пікірді тек Бас көлік прокуратурасы білдірді. Air Astana өкілдері тергеу жүріп жатқанын айтып, түсініктеме беруден бас тартты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар