Трамп тарифтері сотта шешіледі

Самал Асқар 10 қаң. 2026 10:31

9 қаңтарда АҚШ Жоғарғы соты Дональд Трамп енгізген тарифтерге қатысты шешімін жариялайды. Бұл шешім жаһандық қаржы нарықтарына айтарлықтай әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әңгіме Трамптың IEEPA заңы негізінде енгізген кедендік баждары туралы. Аталған заң президентке тек төтенше жағдай кезінде экономикалық шаралар қолдануға мүмкіндік береді. Алайда ол қарапайым сауда тарифтерін біржақты тәртіппен енгізуге құқық бермейді.

5 қаңтарда өткен ауызша тыңдаулар барысында судьялар Трамп әкімшілігінің ұстанымын қатаң сынға алған. Бұл тарифтер заңсыз деп танылуы мүмкін деген болжамды күшейтті.

Егер сот баждарды заңсыз деп таныса, компаниялардан жиналған төлемдерді қайтару мәселесі көтеріледі. Трамптың өзі тарифтер арқылы бюджетке шамамен 650 млрд доллар түскенін мәлімдеген. Бұл қаражат кері қайтарылса, АҚШ қазынасында ірі тапшылық пайда болуы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай сценарий Қаржы министрлігінің облигацияларынан капиталдың кетуін жеделдетіп, соның артынан акциялар нарығы мен криптовалюталарға қысым түсіруі ықтимал. Сот шешімі жыл басындағы ең маңызды экономикалық оқиғалардың біріне айналуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар