Жаһан аралап, ел көру - бір бөлек дүние. Ал шетте жүрген қазақты тарихи Отанына әкелу - тіпті бөлек әңгіме. Жуырда танымал қазақстандық блогер Ернар Алмабек Ауғанстаннан Сабыр есімді қазақты елге әкелді.
Блогер Dalanews.kz-ке берген эксклюзив сұхбатында бұл идея қайдан туындағанын, қандай қиындықпен бетпе-бет келгенін әңгімеледі.
Ернар Алмабек бізге берген сұхбатында адамның танымын кеңейтіп, жаңа есіктерге жол ашатын саяхаттарын бұдан бірнеше жыл бұрын бастағанын айтты.
"2016 жылы мамыр айында өмірімдегі алғашқы экспедицияға шықтым. Ол кезде саяхаттап, әлем аралауға болады деген нәрсе мен үшін қол жетпес арман еді. Марғұлан Сейсембай ағамыздың шақыртуымен жеті күн бойы Ұлытауды араладық. Сол сапарда түрлі жиһанкездермен таныстым. Олардың әңгімесінен шабыт алып, мен де саяхаттасам болады екен ғой деген ой түйдім. Сөйтіп, араға ай салып басқа экспедицияға шақырту алдым. Сапардың артынан сапарға шығып, өзімнің де қалай саяхатшы атанғанымды байқамай қалдым", - дейді ол.
Осылайша 2018 жылы жазда Sayahat Time YouTube арнасын ашқан. Бүгінде бұл арнаның 111 мың жазылушысы бар, Youtube-тің күміс батырмасын алған.
"Келіншегім екеуміз Қазақстан ішін ғана емес, әлемді де аралай бастадық. Контентіміз танымдық бағытта. Өзім Т.Қ. Жүргенов атындағы өнер академиясында кино және тв режиссер-продюсері мамандығын оқығандықтан, кей блогтарымыз деректі фильм стилінде түсіріледі. Сол үшін әрдайым қызық тақырыптар мен кейіпкерлерді іздеп жүремін", - дейді ол.
Ернар Алмабек өзі үшін Ауғанстан есігін қашан, қалай ашқанын әңгімеледі. Оның сөзінше, мұның тарихы Ауғанстан қазақтары тоқыған кілемнен басталған...
"2023 жылдың күзінде Facebook әлеуметтік желісінде "Ауғанстан қазақтарының тоқыған кілемі" деген суретті көріп қалдым. Бұған дейін ол елде қазақтар барын естісем де аса мән бермейтінмін. Ал сол күні "Неге ауған қазақтары жайлы деректі фильм түсірмеске?" деген ой келді. Суреттің авторына хабарласып, Ауғанстандағы қазақтар жайлы ақпарат беруін өтіндім. Ол кісі қуана келісті. Маған біраз адамның нөмірін берді. Олармен байланысып, Ауғанстанға барамын деп шештім. Бірақ ол жоспарым созылып, ауған жеріне тек 2024 жылдың тамызында жете алдым", - дейді саяхатшы.
Жиырмадан аса елді аралаған Ернар Алмабек сапарға шықпас бұрын үнемі елшілікпен байланыс орнататынын айтады. Бұл жолы да дәл солай жасаған.
"Қазақтармен байланыс орнатсам да Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне де бір хабарласып қоюды жөн көрдім. Қай елге барсам да сол елдегі елшілікке хабарласып, өзімнің бара жатқанымды, видео түсіретінімді айтуды құп көремін. Өйткені келеңсіз жағдай болып жатса, бірінші көмекке келетін осы елшілік қызметкерлері деп білемін. Елшілік маған көп кеңес берді. Гид жалдап, түсірілімге рұқсат алуыма көмектесті", - дейді ол.
Блогер 2024 жылы Кабулды, Бамиян аумағын видеоға түсірген. Сол жақта өмір сүретін хазари деген ұлт шоғырланған ауылға барған. Артынша Мазари-Шариф шаһарындағы қазақтар жайлы деректі фильм түсірген. "10 күнге созылған сапарым өнімді болды", - дейді саяхатшының өзі.
Ернар Алмабектің деректі фильмдері бір қазақтың өмірі өзгеруіне сеп болды.
"Елге келген соң арнама үш видео шығардым. Соның бірі "Ауған қазақ" деректі фильмі еді. Бұл фильм жақсы көрілім жинады. Арада тағы бірнеше ай өткенде елшілік өкілдері хабарласып, жақсы жаңалық жеткізді. Менің фильмімді көргеннен кейін Сағадат Кабикенов есімді ағамыз Ауғанстандағы қазақ жастарын елге көшіруге ниеттеніпті. Ол кісі өзі егін шаруашылығында кәсіп істейді. Сол келген жастарға жұмыс беруге дайын екенін айтыпты. Жоспар бойынша алғашында 5-6 жігіт келуі керек еді. Олар елге орныққан соң отбасын көшіріп алуға әрекеттенеді деген ой болған. Бірақ фильмде "Қазақстанға барғымыз келеді" деген жастар нақты ұсыныс келгенде бас тартты. Бірі басқа жаққа жұмысқа кетіп қалған, бірі туған-туысынсыз көшпеймін деген. Тек Сабыр есімді жігіт қана келісімін берді", - дейді ол.
Ендігі процесс елге келуді мақсат еткен Сабырдың шын мәнінде қазақ екенін дәлелдеу болған.
"Құжат жинап, шақырту жіберіп, Сабырдың қазақ екенін нақтылауға алты айдай уақыт кетті. Бұл істің бәрін Сағадат аға мен елішілік бірлесе жасады. Мен ол процесске араласпадым. Құжаттар дайын болғаннан кейін Сабырды Ауғанстаннан Қазақстанға алып келетін адам керек болды. Өйткені ол өмірінде ұшаққа отырып, шетелге шығып көрмеген. Мен көш жайлы фильм түсіремін әрі жанында серік боламын деп, бұл істі өз мойныма алдым. Сөйтіп мамырдың басында Ауғанстанға қайта бардым", - деді ол.
Туып, өсіп-өнген, тыныс-тіршілігіне әбден үйренген жерден бір адамды көшіру оңай шаруа емес. Ернар Алмабек те дәл осындай пікірде. Оның үстіне Ауғанстан өткен қилы жол көпшілікке жақсы мәлім.
"Адамды елден елге көшірудің қиындығы баршылық. Ал ол адам 50 жыл соғыс көрген жерден шықса, мәселе тіпті көбейе түседі. Сабырды Қазақстанға қайтарудың дайындығы алты айға созылғаны да сол. Біріншіден, құжат жинау, шақырту жіберу оңай емес. Екіншіден, Ауғанстанда өзін қазақпын деп жалған куәлік жасатып алған өзге ұлт өкілдері көп. Сондықтан көшемін деген әр адам тексерістен өтеді. Үшіншіден, ауған қазақтарының бүгінгі тұрмысы бізден бөлек. Киімінен бастап, өмір салтына дейін басқа. Қазақстанға бейімделуі оңай емес. Сондықтан Сабыр қайда орналасатынын, не жұмыс істейтінін елге келмей тұрып шешіп алу маңызды болды", - дейді блогер.
Бұл тұста Атымтай Жомарттар көмегін аямапты.
"Сабырдың елге көшінің шығынын бастан-аяқ Сағадат аға көтеріп алды. Ұшақ билеті, осындағы жұмысы, тамағы мен жатын орынын сол кісі ұйымдастырды. Біздің қоғамға бейімделіп, елде нақты қаламын десе, ол кісі Сабырдың ата-анасын да көшіріп алуға дайын. Ауғанстандағы шығындарды елшілік мойнына алды. Мен өз шығындарымды өзім көтердім. Осы қиын істе елшіліктің атқарған еңбегін атап өткім келеді. Ол жақтағы қызметкерлер жақсы ұйымдастырушы ғана емес, сондай-ақ, нағыз ұлт жанашырлары екенін де көрсетті", - дейді саяхатшы.
Ернар Алмабек бұл ісіне жұрттың пікірі екіге жарылғанын, десе де басым көпшілігі жақсы тілегін аямағанын жеткізді.
"Қоғам болған соң неше түрлі пікір бар. Бұл әрекетті де халық әртүрлі қабылдады. Біреулер қорқынышын білдірді, біреулер кезінде кеткендер келмесін деді. Алайда жақсы тілек жазып, қуанып жатқандар көбірек сияқты көрінді. Инстаграм парақшамда негатив жоқ десем де болады, ал тиктокта екеуі бірдей", - деді ол.
Ал қазір Сабырдың өмірі мүлдем бөлек арнаға түскендей... Жаңа жерде жаңа жұмыс бастады.
"Қазір Сабыр Сағадат ағаның шаруашылығындағы жұмысын бастап кетті. Ол шаруашылық Астанадан 160 шақырым жердегі Алтынды деген ауылда. Әзірге түрлі жұмыс істеп көреді. Кейін икеміне қарай өзіне бір мамандық таңдайды. Трактор айдай ма, комбаин басқара ма, әлде аспаз бола ма - өз еркі. Әріптестерін де көрдім. Бәрі құшақ жая қарсы алды. Келеді дегенді естіген күннен дайындалып, күтіп жүр екен. Сол ортаға тезірек сіңісіп кетсе, қуанамыз. Айтпақшы, кирилл әліпбиін үйрететін мұғалім жалдап, оқыту да жоспарда бар", - деді ол.
Ауғанстаннан бір қазақты елге әкелудің артында осындай хикая, бірнеше адамның еңбегі, ең бастысы ізгі ниеті тұр. Ернар Алмабек сөз аяғында мұндай мүмкіндік туғанына шын қуанатынын айтып, ішкі уайымын да жасырмады.
"Бұл оқиғаға тап болғаныма және бір фильм арқылы бір отбасын атамекеніне қайтару мүмкіндігі туғанына қатты қуандым. Бір шетінен, менің де елге тигізген пайдам болды ғой деп толқыдым. Іште мақтаныш сезімі де жоқ емес. Әрекет етсе, адамның мүмкіндігі көп екенін де түсіндім. Бірақ, шынын айтқанда, әлі де үлкен уайым бар. Әсіресе, Сабырды ауылда қалдырып, өзім Алматыға кеткелі уайым күшейе түсті. Әрине, хабарласып тұрамыз ғой. Десе де уайымдап, қорқады екенсің. Не істеп жүр, бір нәрсеге арандап қалмады ма деген ойлар келеді. Әйтеуір Сабыр бірінші кезекте өзінің, ата-анасының үмітін ақтап, елге сіңісіп, тез үйреніп, аяққа тұрып кетсе деймін. Ары-бері жүрсе, адамдармен араласып, тезірек жергілікті қазақ болса, менің уайымым сол кезде ғана басылатын шығар", - деп түйіндеді ол.