Десе де, Шу ауданындағы «Анар-1» өндірістік кооперативі тәуекелге бел буып, 2017 жылдан бері жержаңғақ өсірумен айналысып келеді екен. Қорағаты ауылдық округінде орналасқан өндірістік кооператив алғашқы жылы жержаңғақты 25 гектар алқапқа еккен болса, биылтыр оның көлемін екі есеге арттырыпты.Кооператив жетекшісі Ербол Ерғазиев жаңашылдыққа жаны құмар азамат көрінді. Әйтпесе, талай сүзгіден өтіп, сыналған өзіміздің көптеген өнімдер тұрғанда шеттен өзгенің өнімін әкеліп, егістікке салсынба?! Құрылғанына 10 жылдан аса уақыт болған өндірістік кооператив жетекшісінің айтуынша, Шу ауданы жержаңғақ егуге өте қолайлы көрінеді.
– Әуелгіде, ауылымызға өзбек ағайындар жиі келіп тұратын. Әр келген сайын өздерімен бірге жержаңғақ әкеліп жүрді. Содан олардың әкелген жержаңғақтарын бақшаға егіп көрдім. Уақыт өте келе, әжептәуір өнім берген соң, неге үлкен егін алқабына егіп көрмеске деген ой келді. Осылайша, 2017 жылы нар тәуекелге салып, 25 гектар жерге жержаңғақ ектік. Әр жердің тұқымы әртүрлі келеді. Ал, біздің еккеніміз - өзбектердікі. Ол 120 күнде піседі. Бұдан бөлек, тәжірибе ретінде аргентиналық өнім мен «Краснодар» тұқымын да егудеміз. Негізінен, бұл өсімдік күннің көзін жақсы көретіндіктен, Шу ауданы оны өсіруге өте қолайлы болып отыр.
Мүмкін бұл дақылды өсірудің агротехникалық шараларын жақсы білмегендіктен және арнайы техниканың жетіспеушілігі салдарынан болса керек, алғашқы жылы өнімді аз жинадық. Алайда, бұл өнімге деген сұраныс біздің ықыласымызды арттыра түсті. Сол себептен, бастаған істі әрі қарай жалғастыруды жөн санап, алғашқы жылғы өнімнің көбісін былтыр тұқым ретінде пайдаландық. Алған несие мен қолдау көрсеткен жақсы демеушінің табылуы өзімізге қажетті трактор, дән сепкіш, қатараралық кескіш, жаңбырлатып суаруға арналған құрылғы, культиватор және жиын комбайны сынды қымбат әрі арнайы техникалардың барлығын сатып алуға мүмкіндік туғызды, - дейді «Анар» өндірістік кооперативінің жетекшісі Ербол Ерғазиев.
Сырттан әкелінген жержаңғақ біздің жерді жатсынбай, тез жерсінгені қуантады, әрине. Ал, жиналған өнімді өткеру жағы ше? Бұл жағынан да өндірістіккооператив жетекшісі өнімнің жерде қалмайтынына кәміл сенімді. Өйткені, қазірдің өзінде ала шапанды ағайындар жержаңғаққа тапсырыс беріп отырған көрінеді.