Тұрғындар бұрын қандай да бір тарихи нысанға барғанда арнайы гидтердің көмегіне жүгінген болса, қазір бұл бағыттағы жұмыстар барынша оңтайландырылған. Тек, өз смартфоныңызға«App Store» немесе «Play Market» қосымшасы арқылы «Taraz Tour» мобильдік қосымшасын жүктеп алсаңыз болғаны. Содан кейін ондағы «QR» белгісін басып, смартфон камерасын ескерткіштің «QR-код» нысанына бағыттап, сканерлеу керек. Міне, осыдан соң мобильдік қосымшадағы қазақы шапан киген ақсақал бейнесіндегі аудиогид сізге ғаламторсыз-ақ ескерткіш туралы барлық мәліметті рет-ретімен айтып беретін болады. Сонымен бірге, қосымшаның WEB нұсқасы арқылы өзіңіз барған тарихи аймақты 360 градустық форматты көруге мүмкіндігіңіз бар.
Осы айтылған ақпараттардың дұрыстығына көз жеткізу үшін Шу ауданында орналасқан шалғайдағы Жайсан ғұрыптық кешеніне барып қайтқан болатынбыз. Шудағы ежелгі түрік ордасы саналатын Жайсан даласында мың жылдан бері тұрған, қолына өмір тостағанын ұстаған жауынгердің тастан жасалған мүсінінің маңына арнайы «QR» тақта орнатылыпты. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына өңірімізден 8 киелі орын анықталып, ұсынылғаны белгілі. Олардың қатарында Меркі-Жайсан түркі ғұрыптық кешені де бар. «Мәдени мұра» тізіміне ұсынылған келесі бір тамаша ескерткіш – Меркі ғибадатханасының солтүстік жағындағы Жайсан ғибадатханасы. Бұл ортағасырлық түріктерден қалған мәдени – ғұрыптық кешен. Ғибадатханадағы ескерткіштерді зерттеу және сақтау жұмыстары 2001 жылдан бастап қолға алынған. Мұнда ескерткіштердің негізгі бөлігі орналасуына қарай бір заңдылыққа негізделген. Яғни, жерлеу құрылыстары кешеннің батыс бөлігінде орналасса, ғұрыптық құрылымдар шығыс бөлігіне шоғырланған. Тек сирек жағдайда ғана қоршаулар қорғандардың ортасында немесе культтік кешендердің батыс бөлігінде орналасқан. Ғибадатханаға жүргізілген барлау жұмыстары кезінде көптеген құнды заттар табылған. Бір айта кететін жайт, археолог Айман Досымбаеваның пайымдауынша, мұндағы ескерткіштерде кездесетін ромб үлгісіндегі таңба әшекейліктен басқа бойтұмар ретінде қызмет атқаратын киелі сипатқа ие болған.
Міне, аталмыш тарихи нысандағы «QR» тақтаға смартфон камерасын бағыттағанымызда осындай ақпараттарға куә болдық. Қазақы шапан киген аудиогид ескерткіш туралы мәліметтерді өзіңіздің таңдауыңыз бойынша бес тілде жеткізуге қауқарлы. Бұндай «QR» тақта Шу ауданындағы ежелгі Баласағұн қалашығына да орнатылыпты. Жоғарыда аталған қосымшаның бір артықшылығы ол оффлайн режимде де жұмыс істейді. Осы орайда, қосымшаны ойлап тапқан мамандар тарихи жерлер көбінесе шалғай аймақтарда орналасқандықтан, онда ғаламтор желісі жоқтығын ескерсе керек.
Қорыта айтқанда, тарихи-мәдени нысандарға бай Әулиеата өңірінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі жүзеге асып жатыр деуге негіз бар. Өйткені, облысымызға келген кез келген турист үшін барлық мәлімет мобильдік қосымша арқылы қолжетімді болып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өзге де тарихи нысандар толықтай цифрландырылмақ.