Қалай десек те бүгінгі ұрпақтың арасында ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болған төл өнерді босағадан оздырып, төбесіне көтеріп, одан рухани ләззат алып жүрген азаматтар да кездеседі. Шынын айту керек, бұндай азаматтарға алыстан немесе шетелден келген мейманға кәдесый ретінде ұсынуға қажетті бұйым керек кезде ғана іздеу салатынымыз бар. Міне, он саусағынан өнер тамған, кәсібінен нәсібін тауып, ауыл аймағына қадірлі болып жүрген осындай жандардың бірі - Шу ауданына қарасты Далақайнар ауылының тұрғыны Бауыржан Жақсыбаев.
Ол бізбен әңгімесінде: «Ұсталық пен зергерлік – өте қызық өнер. Көздің жауын алып тұратын дүниені өмірге әкелген сайын рахат күйге бөленесің. Оны одан сайын дамытып, сол кәсіптің қыр-сырына сәт сайын қаныға түскің келеді. Темірден түрлі бұйымдар жасау мен ағаш жонуға асқан ептілік қажет. Олай болмаған күнде, жоспарлаған дүниең ойдағыдай шыға қоюы екіталай. Қай бұйымды болмасын бастар алдында жасайтын дүниеңді ойша жоспарлап аласың. Содан кейін барып жұмыс басталады. Зергерлік өнер төзімділік пен шыдамдылықты, ептілік пен ыждағаттылықты талап ететін өнер. Қолдың күшімен, күректің ұшымен қопарып тастайтын ауыр жұмыс емес. Төмен қарап отырған қалпы алақандай затты әдемі етіп шығару керек. Бұл іс адамның көңіл-күйімен тікелей байланысты. Жұмысқа жан-тәніммен берілген сәтте ғана жасаған дүнием әп-әдемі болып шығады» деген еді.
Бауыржанның қолынан шыққан бұйымдар ауданның атынан көрсетіліп жүрген көрмелердің сөресінен табылып жүр. Өзі шамалас замандастарына қарағанда зерек өскен зергер жігіт мектеп қабырғасында оқытылатын негізгі пәндерден гөрі «Еңбекке баулу» пәніне зейінін көбірек бұрған. Алғашында ағаштан азды-көпті бұйымдар жасап жүрген ол, өз бетімен ат әбзелдерін жасауға ден қойып, бар ынтасын соған қояды. Мектепті тәмамдай салысымен Алматы облысындағы Қаскелең мәдениет колледжіне оқуға түседі. Міне, сол кезден бастап Бауыржанның қолөнерге деген ынтасы еселене түсіп, сол салаға түбегейлі бет бұрады. Темірден түйін түйген қас таланттардың шеберлер отбасынан шығатыны және ол әкеден балаға қан арқылы даритыны даусыз. Қолөнердің құдіретін бала күнінен біліп өскен Бауыржанға да шеберлік әкесінен қонған қабілет екен. Ал, анасы тігіншілікпен айналысса, зайыбы Жұлдыз Қожаева да тоқыма өнерін жанына серік еткен шебер көрінеді. Олардың өмірін бір арнаға тоғыстырған да осы сала екен. Бүгінгі таңда екі бірдей баланың ата-анасын ауылдастары «шеберлер отбасы» ретінде таниды. «Киімді де сатып алып әуре болмаймыз. Өзіміз қалағанымызша тігіп киеміз» дейді кейіпкеріміз өз сөзінде.
2013 жылы оқуын аяқтап келген жас маман ауылдық клубтың жанынан ашылған қолөнер үйірмесінің жетекшісі болып жұмысқа орналасқан. «Бастысы балада қабілет пен ынта болса, оны ары қарай шыңдауда мен аянып қалмаймын» - деген Бауыржан биыл небәрі алты баланы қолөнерге баулып жатқанымен, мектеп бітіруші бірнеше түлекке осы сала бойынша бағыт сілтеп, өз мамандығын адаспай таңдауына ықпал еткен. Жұмыс орнын екінші үйі деп есептейтін шебердің өз жұмысына деген жауапкершілігінің зор екенін байқадық.
Шу ауданы