Кәсіпкерлік саласы кәсіпкерден қажырлы қимылды, тынымсыз ізденіс пен табандылықты талап етеді. Өйткені бүгінде нарық айдынында бәсекелестікке қарсы тұру қиынның қиыны екенін айтпаса да белгілі. Тұтынушыға ұсынылып отырған қызмет түрі болсын, тауар болсын сапалық сыннан сүрінбей өтіп, биік үрдістен көрінбесе, кәсібіңіз де тұралап, бастаған ісіңіз еш пайда әкелмесі анық. Сондықтан да, уақытпен санаспай халықтың көңілінен шығатындай қажырлы еңбек етуіңіз керек. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда Шу ауданының тұрғыны Дариға Әлмұханбетова кәсіпкерлікке білек сыбана кіріскен жан деп айтуға әбден болады. Заты нәзік болғанымен ісі ширақ, сөзі мығым жанның бүгінде атқарып отырған ісі көпке үлгі. Халыққа медициналық көмек көрсету қашанда күн тәртібінде тұрған өзекті сауалдың бірі екенін жете түсінген ол, Шу қаласынан «Силуэт» емдеу-сауықтыру орталығын ашқан болатын. 300 шаршы метрді алып жатқан үш қабатты нысанда бірнеше қызмет түрлері ұсынылған. Төменгі қабаттарында емдік массаж, шаштараз, сұлулық салоны және фитнес орталық орналасқан болса, жоғарғы қабаты түгелдей тіс емханасына арналған. Озық технологиялармен жабдықалған орталықтың жетекшісі 30-дан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 60-100 мың теңгенің аралығында. Мұнда жоғары білімі бар, тәжірибесі толысқан маржан тістің мамандары тұрғындарға үздіксіз қызмет етуде. Тіпті, орталықтың басшысы Дариға Сәбитқызы да 30 жылға жуық уақыт тіс дәрігері болып қызмет атқарған екен.
Уақыт ағымынан қалуға болмайтынын жақсы түсінетін сергек ойлы кәсіпкер ұсыныстың өзі сұраныстан туындайтынын айтады.
Соңғы үлгідегі стоматологиялық қондырғылармен жабдықталған орталықта тісті емдеуден бөлек, жеке зертхана да қарастырылған. Онда ауыз қуысындағы тістер жартылай немесе толық жарамсыз болып табылған жағдайда қолданылатын жасанды тіс протездерін соңғы технологиямен дайындайды.
Шу ауданы