Ел арасында есімі көп айтыла бермейтін Қанат Дотаұлының қолымен жасалған қобыз сонау Италияның Ватикан мемлекеттік музейінде Қорқыт бабамыздың кітабының жанынан орын алған екен. Ол Алматыдағы А.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін 1982 жылы тәмамдаған екен. Ал бүгінгі күні қазақтың ұлттық музыкалық мұраларын қазіргі заман ағымына лайықтап, өңдеп, оларды шекарадан тысқары жерлерге насихаттап жүрген елімізге белгілі дарынды қобызшы, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әлқуат Қазақбаев біздің бүгінгі кейіпкеріміздің туған інісі екенін біреуі білсе, біреу білмес. Шебердің сөзінше, осыдан ширек ғасыр бұрын бауыры Әлқуат республикалық музыка мектеп-интернатында 4 сыныпта білім алып жүріп, демалыс кезінде үйіне құрама қобыз ала келген көрінеді. Міне, сол сәттен бастап Қанаттың қобызға деген қызығушылығы пайда болып, оны жан-жақты зерттей бастаған. Сол кезде тұңғыш рет қобызды қолына алып көрген ол, қобыз жасау өнерінің әліппесіне, шикізатпен және құрал-жабдықпен жұмыс істеуге, түйенің терісін қалай өңдеу керектігіне ден қойып, қазақы қобызды жасауға машықтана бастайды. Қанат шебердің өткенді зерделеп, ұлттық аспаптарды ұлықтаудан құралақан емес екендігін осыдан-ақ аңғаруға болатындай. Қалай десек те, ұсталық, зергерлік атты өнер әлеміне апарар жол кім-кімге болмасын ата-бабасынан қонып, ғасырлық тарих және шежіре арқылы, қан арқылы келетіні белгілі ғой. Сол секілді біздің кейіпкерімізге де ұсталық өнер арғы аталарынан қонған көрінеді.
«Әлем бойынша екі-ақ данасы бар «Қорқыт дада» деген аса құнды кітап бар екен. Оның түпнұсқасы Ватикан мемлекеттік музейінде тұрса, екіншісі Германияның Дрезден қаласындағы музейге қойылыпты. 2001 жылы Рим Папасы Иоанн Павел ІІ арнайы іс-сапармен елімізге келгенде, сол кездегі Еуразия ұлттық университетінің ректоры болған мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Ватикандағы Қорқыт бабамыздың кітабының жанында ұлттық аспабымыз қобыз тұрсын деген ұсыныс жасап, белгілі дін қайраткеріне қобыз сыйлады. Бағыма орай, солл қобызды жасау үшін маған тапсырыс берген болатын» - дейді ол. Бұдан бөлек, 2014 жылдың тамыз айында елімізге белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған қазақ ғалымдары Алтайдың Шығыс Қазақстан облысы аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында көне жауынгердің жерленген жерін тапқан. Жауынгерді шамамен VII ғасырда өмір сүрген деп топшылайды. Сондағы археологиялық қазба жұмыстарының басты олжасы – қару-жарағымен бірге жерленген жауынгердің жанынан бір аспап табылған. Зерттей келе, оның жорық алдында сарбаздарға рух беретін қобызға ұқсас музыкалық аспап екені анықталыпты.
Жалпы, еліміздегі көптеген музыкалық оқу орындарының студенттері мен ұстаздары, сондай-ақ, шетелдің жеке музыканттары мен танымал ұжымдары да шулық шебердің қолынан шыққан аспапқа жан бітіріп, қоңыр үнін әуелетіп жүр. Жалпы, бұл отбасыны өнер қонған шаңырақ деуге болады. Қазіргі таңда Астана қаласындағы «Шабыт» өнер университетінде қызмет істейтін інісі Әлқуат Қазақбаевтың да есімін өнер әлеміндегі жұртшылық жақсы біледі. Осылайша, ағасы қобыз жасаса, інісі қобыздың ысқысынан шыққан қоңыр үнін әлемнің түкпір-түкпіріне таратып, қазақтың музыка өнеріне үлкен үлестерін қосып келеді.
Шу ауданы