Шәкірттерге қуат берген қос ұстаз

Dalanews 07 мам. 2020 08:36 1027

Күнделікті өмірде атағы жер жарған ел азаматтарын, белгілі қоғам қайраткерлерін, ұжым басшыларын, мәдениет, өнер, ғылым өкілдері жайында жиі айтамыз. Әрине, бұл дұрыс. Бірақ солардың арғы жағында көрінбей тұрған, олардың баптаушылары, ұстаздары бар екенін ескере бермейміз. Әркімнің білімге бағдарлайтын, тәрбиелейтін, жан жылуын арнайтын жетекші ұстаздары болады. Қандай ғұлама, данагөй болса да ұстаздың алдын көргені анық. Сондай аяулы жандардың бірі Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты Әулиеағаш ауылындағы орта мектепте ұзақ жыл қызмет істеп, саналы ғұмырларын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ерлі-зайыпты, сызу және сурет пәнінің мұғалімі Рахымжан Абдрасилов пен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы Нұрзия Нөгербекова туралы аз-кем сыр шертуді жөн санап отырмыз. 

Бүгінде төрткүл дүние карантинге жабылып, бала біткен алтын ұя мектебіне барып, ұстаздарымен дидарласа алмай, бәрі онлайн режимде экранға теліміріп отырғаны белгілі. Иә, бізге карантин ұстаздардың қадірін түсіндіргендей болды. Ұстаз деген ұлы есімнің өмірімізде қаншалықты маңызға ие екенін жан-жүрегімізбен ұғындық. Осындай кезде әркім өздерінің аяулы ұстаздарын еске алып, өткен өмірге шегініс жасары анық.

Бүгінде Рахымжан ағайымыз бен Нұрзия апайымыз құрметті еңбек демалысына шығып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп отырған отбасы. Айдын көлдің қос аққуын еске түсіретін қос ұстазға бәріміз қызыға қарап, олардың сабағын асыға күтуші едік. Себебі Рахымжан ағайымыз бен Нұрзия апайымыз шығармашылық пәнінің мамандары болатын. Ол кісілердің сабағында әрқайсымыз өзімізді шығармашылық тұлға ретінде сезінуші едік.

Әсіресе Рахымжан ағайдың сурет сабағына қатты қызығатынбыз. Оның өзіндік сыры бар. Ағайымыз өз сабағын таптаурын болған қасаң қағидалардан бұрып, әрқайсымыздың суретшілік қабілетімізді мейлінше ашуға күш салатын.

Менің қатарымның білім алған кезі ел-жұртты қажытқан 90-жылдарға тұспа-тұс келді. Сол жылдары жұрт балаларына сурет салатын аппақ қағаз тұрмақ, қарапайым торкөз дәптерді зорға тауып беретін. Бірақ ауылымыздағы хан сарайындай үш қабатты мектептің үшінші қабатында түкпірдегі Рахымжан ағайдың сызу-сурет кабинетіне кірген бетте санамызды билеп алған сол заманның қиыншылықтары ізім-қайым жоғалып, керемет бір күйге бөленуші едік. Бәріміз қарындаштарымызды қолға алып, дәл тақтаның алдындағы натюрмортты айна қатесіз ақ қағаздың бетіне түсіруге тырысатынбыз.

Айтпақшы, ақ қағазы мен қарындашы жоқ балаларға қағаз бен қарындаш та табыла кететін. Рахымжан ағайымыздың кабинетінде жылдар бойы жиналған қарындаштар мен қағаздардың қызығын сол кезде көрдік. Бұл кабинеттің өзіндік сиқыры бар-тын. Әлгі сыныпқа аяқ басқан сәтте түрлі майлы бояулар исі танауымызды қытықтап, алып-ұшқан көңілімізге сабырлылық сыйлайтын...

Ағайымыздың кабинеті басқа сыныптарға мүлде ұсамайды. Тіпті, парталарының өзі әдепкі парталардан бөлек-тұғын. Әдеттегі парталардың беті түрлі жазулар мен оқушылардың салған суреттерінен көз сүрінуші еді. Ал сурет кабинетіндегі парталардан ондай «өнер туындыларын» мүлде көрмейсіз. Барлық парта күні кеше ғана зауыттан шыққандай жарқырап тұрады.

Үлкен сыныптың төрт қабырғасында қазақтан шыққан алғашқы суретші, даңқты жерлесіміз Әбілхан Қастеев бастаған бір топ көрнекті суретшілердің портреттері жағалай тұратын-ды. Бұдан басқа, түрлі экспозициялық көріністер де кабинеттің салтанатын асырып, адам жүрегіне қуаныш сыйлаушы еді. Кейіннен оқу бітіріп Алматыға келіп, танымал суретшілердің кабинетіне бас сұққанымда Рахымжан ағайымыздың сиқырлы кабинетіне қайта оралғандай күй кешкенім есімді. Иә, аяулы ағайымыздың кабинеті мектеп ішіндегі әлемнің тылсым күшін бойына бұққан ғибадатханадай еді. Ағайымыз өз кабинетін күтіп ұстап, балаларға суретшілік өнердің рухын ұғындыру үшін әрбір затқа айрықша мән бергенін кейіннен түсіндік.

Сурет сабағы сағындырып, аптасына бір-ақ мәрте болатын. Бізге салса, күн сайын ақ қағазға сурет салып, Рахымжан ағайдың кабинетінен шықпай отыруға дайын едік.

Ал Нұрзия апайымыздың әдебиет сабағы да қызықты өтетін. Кей күндері бірінші кезекте қазақ тілі өтіп, қазақ тілінің құрылымы мен ережелерін үйрететін. Иә, мойындауымыз керек, қазақ тілінің ереже заңдылықтары көп болғандықтан оны қабылдап, санаға тоқып алу оңай емес. Сондықтан қазақ тілі сабағы өткен кезде бәріміз сергек отырып, ұстазымыздың әр айтқан сөзін санамызға құйып алуға тырысатынбыз.

Ал арада биология, география пәндерін оқып, мең-зең бола бастаушы едік. Бірақ соңғы сабақта Нұрзия апаймен әдебиет сабағында қайта кездесетініміз есімізге түскенде терезе жақтан қырдың самалы шарпып өткендей, бойымызда бір жеңілдік пайда бола кететін...

Соңғы сабақта Нұрзия апайымыз өзі түстес ақсары (апайымыз ақсары, ашаң жүзді келбетті кісі) былғарыдан жасалған әдемі сөмкесін үстелдің үстіне қоя салып «Балалар, бағана қазақ тілі сабағында журнал бойынша кімнің бар-жоғын тексердік қой. Оған қайта айналып, уақытымызды жоғалтпайық, бірден сабағымызға көшейік» дегенде бәріміз Қазақ әдебиетінің хрестоматиясын парақтап, үй тапсырмасын айтуға дайындалатынбыз.

Не сиқыры бар екенін кім білсін, басқа сабақтармен салыстырғанда әдебиет сабағында сабақ айтушылардың саны көп болатын. Бәріміз «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» бірнеше бетке созылған көңіл қылын шертетін  жерлерін жаттап алып, зудыратып айтушы едік. Кейде сыныптағы отызға жуық баланың бәрі жаттауын айтып үлгермей қалатын кездері де болатын. Сондықтан ғой, апайымыз журнал тексеріп, уақытты текке жоғалтқанды жөн санамайтын.

Әдетте ең соңғы сабақта бала біткен маужырап, қарындары ашып бір-бірінен сағат сұрап, үйлеріне қайтқанша асығатын-ды. Ал әдебиет сабағы басталғанда Нұрзия апайымыз Арқас тауының жан сергітер самал желін өзімен бірге сыныпқа ала келгендей, айналасына сергектік сыйлайтын. Бәріміз ауылымызды екіге жарып ағатын Қу өзенінің кең иіріміне бір сүңгіп шыққандай, санамызда сергектік пайда бола кететін. Бұл құбылыстың сырын апайымыздың сабақты жанын салып түсіндіретінімен байланыстыруға болады.

Жалпы, Нұрзия апайымыздың жаны сергек, жүрісі де ширақ еді. Сабақтан кейін ауылдың батыс жағындағы үйін бетке алып, әр басқан қадамын нық басып кетіп бара жатқанын көргенде, ұстазымыздың бойынан таусылмайтын қуат көзін сезінетінбіз.

Біздер оқушыға білім ғана емес, күш-қуат сыйлайтын осындай аяулы ұстаздардан тәлім алдық. Айында, жылында ауылға бір барғанда Нұрзия апайды кезіктіріп қалсаңыз, «Бәленше қалың қалай, баяғыды ана бір оқиға есіңде ме?» деп көңілде көмескі тартқан әдемі көріністі көз алдыңа елестеткенде, жүзіңде нұр ойнап, өн-бойыңда бір жылыулық пайда болады. Сол сәтте арада талай уақыт өтіп, жан дүниеңде мазмұн пайда болғанын сезінесің. Сондықтан ауылға барғанда біздер Нұрзия апайға бір жолығуға тырысамыз. Аяулы ұстазымызбен жолыққанда өзіміздің есейгенімізді, өмір сүріп жатқанымызды ұғына түсеміз... Тәлімгер ұстаздан қуат алып, жүрегімізге тіршілік салған жарақаттар жазылып, өмір күресімен қайта арпалысуға қуат аламыз...

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ, журналист.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар